Отбасы – мемлекеттің басты құндылығы әрі адамзат баласының бойына ұлттық тәрбиені, адамгершілік қасиетті дарытудың негізгі діңгегі болып саналады. Соңғы уақытта қоғамда отбасындағы бала тәрбиесі, ата-ананың жанұядағы рөлі мен жауапкершілігі туралы сан алуан пікірлер талқыға салынуда. Соның бірі – бала тәрбиесі. Ақпараттық ағын жан-жаққа қаратпай қатты ағыспен ағып жатқанда психологиясы енді қалыптасып жатқан баланы одан арашалап қалу әлбетте қиын. Ал бұл тұрғыда әке-шешенің балаға дұрыс көңіл бөлуі қаншалықты маңызды? Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында аталмыш мәселеге қатысты брифинг өтіп, отбасы құндылығы туралы сөз етілді.

-Біздің өңірімізде 25-тен аса үкіметтік емес ұйым мен аналар кеңесі бар. Бұл ұйымдар отбасы саясаты мен аналар институтын қалыптастыруда ауқымды жұмыстар атқарып келеді. ҚХА жанындағы Аналар кеңесі мен әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия отбасындағы ана мен әкенің рөлі, бала тәрбиесі туралы негізгі шараларды белсенді қолға алуда. Өздеріңіз білетіндей, отбасындағы береке-бірлік бұл – еліміздің бірлігінің бекемдігін айғақтайды. Сол үшін отбасы институтын қалыптастыруда аталмыш ұйымдардың жұмысы аса маңызды, – деді Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Қаламқас Каримова.

Бүгінде отбасы құндылығын кеңінен насихаттау және үлгілі жанұяларды қоғамда дәріптеу мақсатында қала және барлық аудандарда ҚХА жанындағы аналар кеңесі жұмыс істеуде. Аналар кеңесінің негізгі міндеті – ата-анамен бала арасындағы қарым-қатынасты дамыту, ана болу институтын қалыптастыру және жанұядағы ұлттық салт-дәстүрлерді нығайту болып табылады.

– Соңғы уақытта көп отбасыларда кездесетін мәселелер – жасөспірімдер арасындағы тәртіпсіздіктің көбеюі, ата-ана жауапкершілігінің төмендеуі, енді ғана жанұя құрған жастардың лезде ажырауы, келін мен ененің арасындағы дау ушығып барады. Жалпы отбасындағы мәселенің дұрыс шешім табуы тікелей ата-анаға байланысты. Өйткені, әкенің жанұя алдындағы өз жауапкершілігі бар, ананың өзі орындайтын міндеті бар. Мұны дұрыс үйлестіріп отыру ер мен әйелге байланысты. Ал бала тәрбиесіне әке мен ана теңдей жауапты. Қазіргі таңда білім ошақтарында жас балалар электронды шылым шегуге әуестеніп барады. Ал баланың осындай зиянды қылыққа бой алдырғанын ата-ана білмеуі мүмкін. Осы мәселеге байланысты біздің аналар кеңесі әлеуметтік желілерде ата-аналармен байланысып, дүкендерде жасөспірімдерге электронды шылымдарды сатуға тыйым салатын шараларды қолға алды. Бұдан бөлек, біздің ұйым мектептер мен колледждерде ғана емес, ата-анамен жасөспірімдерді жалпы қамтитын ауқымды іс-шаралар мен жиындар ұйымдастыруда. Онда қажетті мамандардың кеңесін алып, өздерін толғандырған мәселелерін ортаға салады. Мұндай іс-шараларды жиі-жиі өткізіп тұруымыз керек, – деді ҚХА жанындағы облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Нұрсәуле Мұсаева.

БӨЛІСУ