ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында оқу жылының аяқталуы және балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинақтау мәселелері талқыланды.

Күн тәртібінен тыс Үкімет басшысы Абай облысының Бородулиха ауданында болған өртті ауыздықтау мәселесі бойынша баяндаманы тыңдап, өңір әкімдеріне қауіпсіздікті үнемі назарда ұстауды тапсырды.

Үкімет отырысында оқушыларды толыққанды әрі қауіпсіз демалыспен қамтамасыз ету, мәдени-спорттық іс-шаралар ұйымдастырудың мән-жайы талқыланды. Ведомство басшылары атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды баяндады.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша өңірлерде санкцияланбаған қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарына жүргізілген мониторинг нәтижелері таныстырылып, қалдықтарды өңдеу бағдарламасын бекіту қажеттігі айтылды.
Жиыннан соң облыс әкімінің міндетін атқарушы Серік Қожаниязов облыстық білім басқармасына 2022-2023 оқу жылының аяқталуын Оқу-ағарту министрлігі бекіткен алгоритмге сәйкес ұйымдастыруды тапсырды. Каникул кезінде балаларды сауықтырудың, бос уақытын өткізудің және еңбекпен қамтудың арнайы жоспары әзірленуі тиіс. Бұл шараларды Премьер-Министр бекіткен өкімге сәйкес үйлестіру жүктелді.

Мұнан бөлек, балалардың сауықтыру демалысын ұйымдастыру бойынша өткізілетін мемлекеттік сатып алу конкурстарына қойылатын талаптар күшейтілуі керек. Конкурстардың заң аясында өткізілуін қадағалау, бірінші кезекте ата-ана қамқорлығынсыз қалған, тұрмысы төмен, жетім және көпбалалы отбасылардың, мүгедектігі бар, даму мүмкіндіктері шектеулі балаларды, сондай-ақ жалпы білім беретін мектептердің үздік оқушыларын қамту міндеттелді.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша жауапты тұлғаларға қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу бағдарламасының жобасын әзірлеу, жаңа полигондар салу, бұрынғыларды рекультивациялау бойынша іс-шараларды қарастыру тапсырылды.

БӨЛІСУ