Бірнеше күннен бері ауданға қарасты ауылдарға ат басын бұрып, тұрғындармен кездесіп жүрген аудан әкімі Мұхтар Оразбаев бүгін Ақжона мен Алға ауылдық окургтеріне табан тіреді. Қазалы ауданында жыл басынан бері жасалған жүйелі жұмыстар аз емес. Ақжона халқымен кездескен тұста бұл жайында баяндап берген Мұхтар Әуесұлы, алдағы жоспарларды да тілге тиек етті.

Шешімін тауып келе жатқан мәселелерге ризашылықтарын білдірген тұрғындар ұсыныс-пікірлерін де бүгіп қалмады. Мәселен, жайылымдық жер, аяқсу, жол жайы сөз етілді. Сонымен қатар ауыл сыртындағы көлдің мәселесі, төрт түліктерге екпе егу және кенелерге дезинфекция жасау сынды жайттар қозғалды. Жұртшылық тарапынан айтылған ұсыныстардың орынды екенін айтқан аудан басшысы сауалдар бойынша бірқатар сала басшыларына тиісті тапсырмалар берді.

Мұнан соң Кеңес Одағының батыры Үрмәш Түктібаев атындағы ауылдың халқымен дидарласқан аудан әкімі Мұхтар Оразбаев ауданда шешімін тапқан жұмыстарды айтып, алдағы шаруаларды да ұмыт қалдырмады. Ауылда бой көтерген спорт кешеніне, асфальтталған көшелерге, басқа да қолға алынып жатқан жұмыстарға алғысын айтқан тұрғындар округтегі бірнеше көшеге түнгі жарықшам қажет екенін жасырмады. Сонымен қатар өзге де мәселелерді ортаға салды.

Сауалдар бойынша аудан әкімі барлығын түсіндіріп берді. Аудан басшысы Алға ауылдық округіне сапары барысында асфальтталып жатқан көшелердің жұмысымен де танысты. Мердігер мекеме қызметкерлерімен кездесіп, құрылыстың сапалы болуын және уақытылы аяқталуын ескертті.

Айта кетейік, аудан басшысы қос ауылдағы кездесуде жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың мәселелерін тыңдап, сауалдарға жауапты сала басшыларына тапсырма жүктеді.

БӨЛІСУ