Бүгін 19 мамыр күні қалалық мәслихат төрағасы И.Құттықожаев және мәслихат депутаттары бірқатар нысандарда болды.

Алдымен депутаттар «Шұғыла» мөлтек ауданындағы №7 және №235 мектептердегі және оның аумағындағы өзекті мәселелермен танысты.

№7 мектеп жанынан өтетін екі көшеде /Ғ.Мұратбаев көшесі мен З.Шүкіров көшелері аралығы/ жаяу жүргінші жолдары мен кешкі жарық шамдары орнатылмаған, оқушыларға күз-қыс мезгілдерінде кешке мектепке қатынауға қиындықтар туындауда.

№7 мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді. Мектеп 1979 жылы пайдалануға берілген, сол кезеңнен бері күрделі жұмыстары жүргізілмеген. Осыған орай жөндеу жұмыстарына 6,7 млн теңге ЖСҚ әзірленіп, 2021 жылы мемсараптамадан оң қортындысы алынған. Ендігі кезекте, қаржы мәселесін шешуді қажет етеді.
Сонымен қатар, «Шұғыла» мөлтек ауданындағы қаңғыбас ит-мысықтардың көбейіп кетуі, оқушылардың қауіпсіздігіне қиындықтар тудыруда.

№235 мектеп аумағында да мәселелер бар. Мектепке келетін жол бойындағы алаң күн-жауын шашын күндері оқушылардың қатынауына кедергі келтіріп отыр.

Мөлтек ауданның «Құлагер» аумағында орналасқан №22 тұрғын үй ауласындағы балалар ойын алаңы 2011 жылы демеушілікпен салынған. Қазіргі таңда балалар қалашығының тозығы жеткен.

Тұрғын үй ауласында депутаттармен кездескен тұрғындар ең алдымен мектеп аумағында мәселелерді шешуді, ойын алаңдарын салу, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін көтерді.
Кездесу барысында аталған тұрғын аудан депутаты А.Мұсабаева мөлтек аудандағы өзекті мәселелерді шешу бағытында жұмыстар атқарылып отырғандығын жеткізді.

Депутаттық кездесу барысында көтерілген мәселелерді шешу бағытында іс-шаралар жоспары қабылданып, жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыстар атқарылатын болады.

Депутаттық аралау шарасына депутаттармен қатар, қала әкімінің орынбасары Ғ.Еркебай, қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ж.Файзуллаев, қалалық тұрғын-үй инспекциясының басшысы А.Рысбек, қалалық білім бөлімінің басшысы Е.Боданов, жергілікті полиция қызметі басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.

БӨЛІСУ