Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінде кейбір заңнамалық актілерге бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу бойынша заң жобасының таныстырылымы өтті. Комитет төрағасы Нұртай Сабильяновтың жетекшілігмен өткен жиынға депутаттармен қатар мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктер өкілдері қатысты. Заң жобасы жөнінде ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов баяндама жасады. – Түзетулер кәсіпкерлік қызмет саласындағы жаңа реттеу саясатын және ішкі істер органдарының жекелеген функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша қабылданған заңды іске асыру мақсатында әзірленді. Заң жобасы аясында 7 кодекс пен 75 заңға 326 түзету енгізілмек, – деді Т.Жақсылықов. Ол бірінші бөлімге бақылау мен қадағалау нысандарын ретке келтіруге бағытталған түзетулер енгізілгенін атап өтті. Заң жобасы он бағыт бойынша, оның ішінде халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласында жедел ден қою шараларын қолдану тетіктерін айқындайды. Екінші бөлімнің түзетулері кәсіпкерлік қызметті жетілдіруге бағытталған. Олар табиғи монополиялар субъектілерінің тариф белгілеу тәсілдерінің ашықтығын қамтамасыз етуді, балық шаруашылығы саласына қолайлы жағдай жасауды, дағдарыс кезінде төлем балансын қорғау шараларын нақтылауды көздейді. Депутаттар баяндамадан соң нақтылау мақсатында жоба әзірлеушілеріне сұрақтарын қойды. Комитет хатшысы Екатерина Смышляева ұсынылған заң жобасын әзірлеу және қабылдау қажеттігін айтып, оған түсіндірмелерін де атап өтті. «Бизнес жүргізуге қатысты түзетулер – Мемлекет басшысының тапсырмасымен жаңа реттеу саясаты бойынша әзірленіп жатқан үлкен заң жобасының екінші бөлігі. Ол үш бөліктен тұрады және бір-бірімен тығыз байланысты. Бірінші бөлімде біз бизнеске мемлекеттік ықпал етудің елеулі шараларын реттеу тек заң деңгейінде жүзеге асырылатын ең маңызды шартты енгіздік. Осылайша, бизнес заңдық тұрғыда тұрақты болады. Ал бұл заң жобасымен мемлекеттік ықпал етудің қатаң шарасы арқылы біз қазірдің өзінде салалық мәселелерді реттеп жатырмыз. Бұл өте маңызды, өйткені 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап реттеуді «нөлден» бастауымыз керек. Енді мемлекеттік бақылау мен қадағалауды салалық реттеуді сапалы түрде пысықтамасақ, біріншіден, бизнесте проблемалар туындай бастайды, екіншіден, стратегиялық маңызды салаларды, мысалы, сәулет, құрылыс және т.б. реттеу саясатынсыз қалдырамыз», – деді депутат. Сондай-ақ Е.Смышляева вице-министрден заң жобасында салалардың толық тізбесі қамтылуы жөнінде сұрады. Себебі бұл реттеуді енгізгенге дейін жасалуы тиіс. «Бұл кезеңде заң жобасына қажеттінің барлығын енгіздік. Үшінші бөлім бұрыннан бар шамадан тыс, ескірген реттеуді жоюға қатысты басқа, тереңірек нәрселерге арналады», – деп жауап берді Тимур Жақсылықов. Түзетулер бойынша талқылау жұмыс тобында жалғасады. Оның жетекшісі Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Болатбек Нәжметдинұлы.

БӨЛІСУ