12 мамырдан бастап барлық мектептерде терроризмге қарсы бағыттағы оқу-жаттығу өтеді. Оған мемлекеттік және жекеменшік мектеп оқушылары, педагогтер мен білім беру ұйымдарының қызметкерлері қатысады.

Оқу-жаттығу барысында «Білім беру объектілерінде терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық» аясында бекітілген алгоритмдер тәжірибе жүзінде пысықталады.

💬Іс-шара барысында мектеп ұжымына терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі алгоритмдер нұсқамасы беріліп, тиісті деңгейде орындалуы қадағаланады. Оқушыларға нұсқау беріліп, қызметкерлер мен білім алушыларды жедел эвакуациялау ұйымдастырылады. Техникалық құралдардың яғни, дабыл түймесі, турникет және бейнекамералардың жұмыс істеуі және дабыл түймелері арқылы шақырылған жағдайда жеке күзет ұйымдарының жедел әрекет етуі тексеріледі», – дейді Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.

Айта кетейік, оқу-жаттығу тек профилактикалық мақсатты көздейді. Білім беру ұйымдарын терроризмнен қорғау, қауіптің алдын алу үшін мұндай жаттығулар тұрақты жүргізіледі.

Оқу-жаттығуды жүргізудегі түпкі мақсат – техникалық құралдардың тұрақты жұмыс істеуін бақылаудан бөлек, қауіп төнген жағдайда оқушылар, мұғалімдер мен қызметкерлердің дұрыс әрі қауіпсіздікті сақтап, жедел әрекет етуіне бағдарлау.

Министрлік балалардың қауіпсіздігін қашанда жіті назарға алып, мектептерде терроризмге қарсы қорғауды кешенді жүргізуге басымдық беріп отыр.

БӨЛІСУ