Бүгін “Шиелі ауданы әкімдігінің баспасөз орталығында” аудан әкімінің орынбасары Ысмағұлов Болат Әбдулхайысұлының қатысуымен БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді.

—Баршаңызды 15 мамыр – Халықаралық Отбасы күнімен құттықтаймын!
Отбасы – сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы, яғни кез келген зиялы қоғамның діңгегі. Отбасының аман-саулығы – әр елдің дамуы мен келешегінің өлшемі. Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім – жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады. Мемлекет, қоғам үшін өнегелі отбасы – басты байлық, баға жетпес құндылық,-деді Б.Ысмағұлов

10-15 мамыр аралығында кент және ауылдық округтерде «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының әр жылдардағы жеңімпаздарының қатысуымен отбасылық құндылықтарды, насихаттау мақсатында кездесулер ұйымдастырылуда.
Әр жылы өтетін «Мерейлі отбасы» байқауында еліміздің ең үлгілі отбасылардың өмірі насихатталып, түрлі айтулы марапатқа ие болуы да елімізде дәстүрге айналды.
2016 жылы облыстық кезеңнен Ноғайбаевтар отбасы 3 орынды иеленсе, 2017 жылы Исламхановтар отбасы облыстан Бас жүлдеге ие болып, республикалық ақтық мәреде Елордамыздың төрінде өткен ұлттық байқауда сертификатпен марапатталды.
2018 жылы Ишанқұловтар отбасы облыстан бірінші орынды иеленіп, республикалық кезеңнің дипломанты атанды. Мемлекет басшысының атынан Ишанқұловтар отбасына «Нива – Шевролет» көлігінің кілті табысталса, 2019 жылы Қиянбековтер отбасы республикалық байқауда үздік деп танылса, 2021 жылы Әбілдашевтар отбасы “Мерейлі отбасы” ұлттық конкурсының облыстық кезеңінен Бас жүлдені иеленді!
2022 жылы ауданымыздан Рыспембетовтер, Байжановтар отбасы жеңімпаз атанып, Республикадан Байжановтар отбасы мерейімізді үстем етті.
«Мерейлі отбасы-2023» ұлттық конкурсын өткізу жайлы Шиелі ауданының қоғамдық даму бөлімі, Жастар ресурстық орталығы фейсбук әлеуметтік парақшаларында ақпараттандырылды. Конкурсқа қатысуға ниет білдірген отбасыларға өтінімді және құжаттарды дайындау бойынша мағлұматтар беріліп, тиісті жұмыстар жасалуда.

Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағының кепілі. Әр бала атаның қанымен, ананың сүтімен келетін туабітті қасиеттер сияқты ұлттық рухани құндылықтарды да, ең алдымен, отбасында ата-ананың тәрбиесімен бойына сіңіретіні анық. Қазақтың тарихында киелі отбасының қасиетті ұрпақтары туралы, олардың ел өміріндегі алатын орны, сіңірген еңбектері, қалдырған рухани байлығы, үлгі боларлық тірліктері, өнегелі өмірлері жетерлік. «Адам ұрпағымен мың жасайтынын» естен шығармай, болашақ ұрпақты тәрбиелеуде әрқайсымыз өз жанұямыз үшін, жауапкершілікпен ерінбей еңбек етейік!

БӨЛІСУ