Бүгін Жанқожа батыр ауылындағы орталық саябаққа «Құрмет белгісі» орденінің иегері, Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері Әзілхан Жақсылықұлының есімі берілді.

Шараға арнайы барған аудан әкімі Мұхтар Оразбаев ең алдымен лента қию рәсіміне қатысты. Мұнан соң тыл ардагері Әбілмәжін Балабаев бата беріп, жиынға келген қонақтарды ауыл әжелерінен құралған «Асыл әжелер» тобы ән салып қарсы алды.

Артынша аудан басшысы бастаған бірқатар азаматтар саябақ ішіне тал отырғызып, концерттік бағдарламаны тамашалады. Салтанатты шараны ашып берген Мұхтар Әуесұлы:

– Біз қашанда асылдарын ардақтап, ұлыларын ұлықтай білген халықпыз. Заман өзгерген сайын өткен қоғам да, адамдардың бейнесі де өзгеруі мүмкін. Десек те, ел үшін аянбай еңбек еткен тұлғаларды халық мәңгі естен шығармайды.
Бүгін міне, сіздермен Жанқожа батыр ауылының тумасы Әзілхан Жақсылықұлының атына берілген саябақта кездесіп отырмыз. Бұл барлық саналы ғұмырын білім саласының дамуына арнаған атпал азаматқа көрсетілген құрметтің белгісі деп білеміз, – деді.

Сондай-ақ, аудан басшысы Жанқожа батыр ауылындағы №94 орта мектептің «Алтын белгі» және «Үздік аттестатқа» үміткер бірқатар оқушыларды марапаттады.

Кеш барысында «Қазалы ауданының құрметті азаматы» Берік Бейсембаев және қос ардагер ұстаз Серік Қуанышбаев пен Құлпыбай Құрманалиев сөз алып, Әзілхан Жақсылықұлымен бірге қызмет жасап, талай жетістіктерге жеткенін айтты.

Сонымен қатар, ұлағатты ұстаздың шәкірті әрі келіні, Қызылорда облысы Қорқыт Ата атындағы университеттің профессоры, Халықаралық білім беру академиясының корреспонденті Клара Қайруллақызы да саналы ғұмырын білім саласының дамуына арнаған жанның шәкірті болғанына қуанатынын тілге тиек етті.

Айта кетейік, шарада ән салып, би билеген ауыл өнерпаздары қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

©️Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

БӨЛІСУ