Қазақстан мен Қытайдың ауыл шаруашылығы министрліктері деңгейінде саудадағы шектеулер талқыланды.

Қазақстан мен Қытай ауыл шаруашылығы жөніндегі бірлескен шағын комитет құратын болады. Аталған жұмыс органы АӨК-тің өзекті мәселелерін жедел қарайтын және екі ел арасындағы саладағы ынтымақтастықты тиімді дамытатын болады. Бұл туралы ҚР АШМ басшысы Ербол Қарашөкеев ҚХР Ауыл шаруашылығы және ауылдық істер министрінің орынбасары Ма Юсянмен кездесуі кезінде мәлімдеді.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Қытайға агроөнімдерді экспорттауда   ветеринариялық шектеулер, сондай-ақ қазақстандық және қытайлық стандарттар арасындағы айырмашылықтарға байланысты кедергілер бар.

Бұған дейін Ербол Қарашөкеев ҚХР-ға сапары аясында тиімсіз сауда тәсілдерін қайта қарауды және бүкіл аумақпен экспортты шектемей, эпизоотиялық қауіпсіздік бойынша екі елдің аймақтандырылуын тануға көшуді ұсынған болатын. Атап айтқанда, министрдің бұл бастамасы ШҰАА басшылығының қолдауына ие болды.

АШМ басшысы қытайлық әріптестермен кездесу кезінде Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы Қазақстанның 5 аймағын (Шығыс Қазақстан, Алматы, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, сондай-ақ Жетісу және Абай облыстары) вакциналарды қолдана отырып, аусыл бойынша қолайлы деп танығанын атап өтті. Ол сондай-ақ жоғарыда аталған аймақтардан ет экспортын тоқтатпаған Парсы шығанағы елдерінің тәжірибесін мысалға келтірді.

Министр жақын арада ҚХР-ға мұздатылған ет жеткізу қайта жанданып, сондай-ақ салқындатылған сиыр, қой, шошқа еті, ірі қара малдың терісі мен қосалқы өнімдерге арналған ветеринариялық талаптарды мен хаттамалардың жобаларын қарау бойынша келіссөздердің басталатынына үміттенетінін айтты.

Сонымен қатар, тараптар құс еті мен құс шаруашылығы өнімдерін экспорттау жөніндегі талаптарды келісу бойынша жұмысты қайта бастауды талқылады. Өткен жылы Қазақстанда құс тұмауының өршуі болған жоқ. Айта кетейік, еліміз бұл вирусқа қарсы вакцинация жүргізілетін санаулы мемлекеттің бірі.

Келіссөз барысында талқыланған тағы бір тақырып Қытайдың Шығыс Қазақстан облысына зертханалық құрал-жабдықтарды жеткізу мәселесі болды. Ербол Қарашөкеев Қытай тарапына Қазақстанның Қытаймен шектесетін басқа аймақтарына да осындай техника жеткізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Сондай-ақ, күн тәртібінде Орталық Азия елдерінің алдағы Саммиті және бірқатар көпжақты құжаттарға қол қою мәселесі тұр.

Айта кетейік, жыл басынан бері ҚР мен ҚХР арасындағы АӨК өнімінің тауар айналымы бір жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда 58% артып, 265,5 млн долларды құрады.

БӨЛІСУ