Бес айдың ішінде Конституциялық Сотқа 2,7 мыңнан астам азамат жүгінді.
Конституцияда азаматтар мен олардың өкілдеріне, Адам құқықтары жөніндегі уәкілге және Бас прокурорға Конституциялық Сотқа жүгіну құқығының берілуі – 2022 жылғы конституциялық реформаның гуманистік және құқық қорғаушы бағытының бір дәлелі. Бес айдың ішінде Конституциялық Сотқа 2,7 мыңнан астам азамат жүгінді.
«Енді әрбір азамат өз өкілдері арқылы осы органда өзінің конституциялық құқықтары мен бостандықтарын тікелей қорғай алады. Азаматтардың мұндай тікелей қол жетімділіктің берілуі Конституциялық Соттың жұмысын одан әрі жауапты етеді», – деді КС Төрағасы Эльвира Әзімова.
Бәрімізге мәлім, Қазақстан Конституциясының 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», деп бекіткен. Ал бұл Конституциялық қағидаттар бұзылған жағдайда кім болса да өз мүддесін қорғау мақсатында Конституциялық сотқа жүгінуге құқылы. Оқырманға түсінікті болуы үшін Конституциялық сот пен Конституциялық кеңестің мәртебесіне және атқаратын міндеттері мен мақсаттарына кеңірек тоқтала кеткен жөн болар.
Өкілеттіктері бойынша, Конституциялық сот неғұрлым кең құзыретке ие. Атап айтқанда, заңдардың ғана емес, орталық және жергілікті органдардың нормативтік-құқықтық актілерінің де Конституцияға сәйкестігін қарастыра алады. Ал Конституциялық кеңес алдын ала бақылау жолымен заңды күшіне енбеген нормативтік-құқықтық актілерді қарайды. Өз кезегінде Конституциялық сот одан кейінгі бақылау қызметін көбірек жүзеге асырады және заңды күшіне енген нормативтік актілерді қарайды.
Өтініш субъектілері бойынша Конституциялық сотқа жүгінетін субъектілер көп, ең бастысы, бұл құқық азаматтарға берілген. Конституциялық кеңесте субъектілердің шектеулі тобы ғана болады, яғни оған мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар ғана кіреді. Сонымен қатар Конституциялық соттың мәртебесінің айқындалуы және судьяларды сайлау тәртібі әрі құрылымдық мәселелері де Конституциялық кеңестен өзгеше болады.
Конституциялық соттар шет мемлекеттерде де бар. Атап айтқанда, Конституциялық сот 1920 жылы алғаш рет Аустрияда пайда болды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Германияда Конституциялық сот құрылған. 1963 жылы Конституциялық сот Югославияда, 1986 жылы Польшада, ал 90-жылдардың басында Шығыс Еуропа мемлекеттерінің бәрінде және Ресейде Конституциялық сот құрылған. Сол сияқты 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Республиканың Конституциялық Заңымен Конституцияны сот арқылы қорғаудың жоғары органы ретінде Қазақстан Республикасының Конституциялық соты құрылып, өз жұмысын 1992 жылғы 6 маусымда «Қазақстан Республикасының Конституциялық соты туралы» және «Конституциялық сот ісін жүргізу туралы» заңдар қабылданғаннан кейін бастап кеткен болатын. 1995 жылы 30 тамызда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылдануына орай жаңа конституциялық қадағалау органы – Конституциялық кеңес құрылды, соған байланысты 1995 жылы Қазақстан Республикасының Конституциялық соты өз қызметін тоқтатты.