Жетіасар — б.з.б. 3-1 ғасырлардағы қаңлы тайпалары қоныстарының орны. Жосалы темір жол стансаның (Қызылорда облысы) маңындағы бір-біріне жақын бірнеше қоныстардан тұрады.
Ол – Республикалық және жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері. Бұл Қызылорда облысында орналасқан көне қалалар орны, олар толық сақталмай тек топырақ үйінділері түрінде жатқандықтан асарлар деп атаған. Бұл ескерткіштердің өзіндік ортақ ұқсастықтарына қарай зерттеушілер бір мәдениетке топтастырып, олардың негізгі бөлігі шоғырланған Жетіасар шатқалының атымен атаған. Бұл аймақтан Бидайық асар, Сорлы асар, Домалақ асар, Үңгірлі асар, Томпақ асар, Қара асар, Жалпақ асар, Тікасар, Тас асар, Қосасар сияқты барлығы 50-ге жуық қала мен жүздеген обасы бар қорымдар және суландыру жүйелерінің орындары анықталған. 1946 жылы С.П. Толстовтың басқарумен Хорезм архелогиялық этнографиялық экспедициясы Сырдарияның ежелгі солтүстік арналары Қуаңдария мен Ескідариялыққа қарай жүріп, жетіасар кешенінің қалаларын ашты. 1948-1951 жж. С.П. Толстов Жетіасар №3 (Алтын асар), Жетіасар №9 қаларында және бірнеше жеке обаларда қазба жұмыстарын жүргізді. 1958, 1962-1963 және 1966 жж. басқа да Жетіасар ескерткіштерінде қазба жұмыстары жалғасын тапты. Бұл қалалар халқы Сырдарияның орта ағысы бойымен Ташкент төңірегіне таралған көршілес отырар-қаратау мәдениеті және қауыншы мәдениетерін жасаған тайпаларымен бірге тарихи Кангюй (Қаңлы) мемлекетінің құрамына кірген. Ғалымдар бұл мәдениеттерді өзара сабақтастықты көрсететін негізгі белгілермен қатар, бойынша бір мезгілде өмір сүрген деп болжайды. Л.М. Левинаның жетекшілігімен жетіасар шатқалында кең көлемді Алтын асар, Томпақ асар, Бидайық асар, Кіші және Үлкен Қос-асар мен 700-ге тарта обаларға кешенді қазбалар жасалынды. Жетіасар әлемдік тарихта өзіндік орны бар ірі мәдениет болып табылады. 1946-1992 жж. Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы Жетіасар мәдениетіне археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бұл жерден ондаған қалашықтар, елді-мекендер мен қорымдар, архитектуралық ескерткіштер жайлы құнды деректер табылды. Жетіасар мәдениетінің бір топ ескерткіштері ЮНЕСКО-ның алдын-ала тізіміне және «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Республикамыздың «Жалпыұлттық қасиетті нысандар» тізіміне енген. Қызылорда облысы тарихи-мәдени мұра объектілерінің 3D форматтағы интерактивті картасы берілген арнайы сайтта (www.virtualmap.xyz) қалашық туралы толық ақпарат бар. Сондай-ақ, асарлардың басым көпшілігіне олар туралы ақпараттың қолжетімді болуын қамтамасыз ету мақсатында QR-код орнатылды.

БӨЛІСУ