Бүгін аудандық Роза Бағланова атындағы мәдениет орталығында «Жаңа дәуір – Жаңа Қазақстан» атты фестивалдің қорытынды кеші өтті.

Аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен салтанатты шараны аудан әкімі Мұхтар Оразбаев ашып, «Ғылыми жоба» бағыты бойынша үздік болған жастарға Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің оқу гранты сертификатын және жетекшілеріне аудан әкімінің «Алғыс хатын» табыстады.

– «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – білім» деп ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов айтқандай, елімізді өркениетке апарар жолдың бастауында білім тұрады. Білімділігі мен біліктілігін байқатқан аудан жастары «Жаңа дәуір – Жаңа ғасыр» атты фестивалде өздерін басқа қырынан көрсете білді. Еңселі елдің болашағы өскелең ұрпақтың қолында екенін ескерсек, жердің де, елдің де иесі – жастар. Сондықтан елдің ертеңі болған аудан жастарының келешегіне сәттілік тілегім келеді, – деді аудан басшысы өз сөзінде.

Мұнан соң “Энергомера” ЖШС директоры Бекетай Мұқашев сөз алып, “Интеллектуалдық сайыс” және “Патриоттық әндер” байқауы бойынша жеңіске жеткен жастарды марапаттап, ақшалай жүлдесін тарту етті.

Одан бөлек, “Zhanel farm” ЖШС-нің директоры Гүлназ Ашрафина “Бизнес жоба” бағытында жүлделі орыннан көрінген оқушыларды құттықтап, өзінің қаржылай жүлдесі мен бағалы сыйлықтарын табыстады.

Сонымен қатар, ауыл жастарының өнерін шыңдау бағытында аудан орталығында гала-концерт ұйымдастырылып келеді. Шара аясында сала мамандарының қатысуымен «Түнгі жәрмеңке» акциясыда үздіксіз өткізілуде. Сонымен қатар, Қазалы ауданында ерікті жастарымыздың ұйымдастыруымен «Көшпелі керуен» жастар жобасының құрамы құрылды. Олар барлық елді мекендерде болып,  жастардың бос уақытын тиімді пайдалану және NEET санатындағы жастарды мемлекеттік бағдарламаға кеңінен тарту бағытында үлес қосып келеді. Оған қоса ауыл жастарының ұсыныс-пікірін тыңдап, мәселеге өзге қырынан қарауға септесуде.

Бұдан бөлек, Халықаралық жастар күніне орай, аудан көлемінде апталық шара өткізілді. Онда, спорт түрлерінен, инновациялық идеялар жәрмеңкесі, мүмкіндіктер керуені, «Жайдарман ойындары», «Барлық игілік балаларға» жастар акциясы, «ЭКО марафон»сенбілік акциялары ұйымдастырылды. Мереке қарсаңында Қазалы ауданында дәстүрге айналған Ғ.Мұратбаев-тың 120 жылдығына орай республикалық жастар сыйлығын табыстаау кеші өткізілді.

Жастар пікірсайысшылар клубы, тоғызқұмалақ, шахмат,  сурет салу үйірмесінде уақыт өткізіп, «Мобилография» курсы бойынша сапалы бейне жасауға талпынуда. Алдағы уақытта «Stаnd up» клубы,  IT-клуб жұмысын жандандыру жоспарланған.

Айта кетейік, аудан жастары 4 бағыт бойынша бақ сынайтын фестиваль жыл сайын ұйымдастырылып отырады.

БӨЛІСУ