Ауылдағы ағайынға аудан әкімінің есеп беру кездесуі жалғасуда. Бүгін аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы және аудандық мәслихат төрағасы Ғалымжан Жарқынбекұлы Сыр беткейдегі тағы 5 ауылдың тыныс – тіршілігімен танысып, ұсыныс-пікірін тыңдады

Алғашқы кездесу Қожакент ауылынан басталды. Биыл Исатай Әбдікәрімовтың туғанына 100 жыл, осыған орай мектеп салынуды өтінді. Қожакент ауылы аудандағы тіректі ауылдардың бірі, ауылдың ажары айшықталған, азаматтардың инвесторлығымен салынып жатқан жұмыс аз емес.
Келесі ауыл Өзгентке жол жүріп, жаңадан бой көтерген клуб үйінің құрылыс барысын көрді. Жалпы бұл ауылда да атқарылып жатқан тірлік аз емес. Жарық, жол және ауыз су мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде. Ауылдағы маңызды мәселелерді ауыл әкімі өзі тізбектеп, керек инфрақұрылымды жүйелеп берді.
Одан кейін М.Нәлібаев ауылына барып, ағайынның айтарын тыңдадық. Бұл ауылда да тындырымды тірлік көп. Жаңадан спорт кешені салынуда. Жақын күндері пайдалануға беріледі. Ауылға кіреберіс көпір салынып, ауылдың ажары кірді. Клуб үйі ретке келтірілуде. Жалпы жұмыс жоқ емес, тек тұрғындар екі су қашыртқысын салуды және жұмыссыздықты азайтуды сұрауда. Ол уақыт еншісіндегі шаруа.
Жаңарықта биыл ең үлкен жаңалық “Жайлы мектеп” құрылысы басталуға жақын. Бұл мектеп арнайы бағдарлама аясында салынуда. Қысқасын айтқанда Жаңарықтағы жаңа мектеп зияткерлік білім ошағына айналуы тиіс деген мақсат қойылған. Облыс бойынша 20-дан астам мектеп арнайы жобамен салынса, соның бірі осы білім беру ордасы. Аудан әкімі ауыл жастарының ұсынысымен алдағы уақытта жеке келіп, тағы бір жиын өткізуге уағдаласты.
Қыркеңседегі клуб үйінің тозығы жетіп, ауыл тұрғындарының басты мәселесіне айналған еді. Биыл күрделі жөндеу көріп, мәдениет сарайы жаңғырып жатыр. Құрылыс жұмысымен танысып, сапасына мән беріп, мердігер мекемеге нақты міндеттер жүктеді. Айта кететіні, бұл ауылда да 3 көше асфальттанады, ауыл қақпасы бой көтерді. Аудан басшысы әлі де жұмысты жүйелеуді тапсырды.
Жалпы Сыр беткейдегі ауылдардың негізгі мәселесі, жарық, көше жолы, газ және аяқ су. Жарық пен жол мәселесі шешілуде. Алдағы 2-3 жылдың ішінде аудан бойынша 21 ауылдың электр жарығы жаңғырады. Көшелер асфальттануда, сол секілді аяқ су да қатаң бақылауда. Енді газ мәселесі қалды, болжам бойынша бүгінгі төрт ауылға 2025 жылы көгілдір отын тарту жұмысы басталады.

БӨЛІСУ