Отандық машина жасау кәсіпорындары шығарған құрал-жабдықтар ұсынысқа ие болуы тиіс – Қазақстан машина жасаушылар одағы.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан машина жасаушылар одағының атқарушы дирекциясының директоры Өмірсерік Ержанов елордада өтіп жатқан қазақстандық машина жасаушылар форумында талқыланып жатқан тақырыптар туралы баяндады.
«Біздің машина жасау кәсіпорындары шығарған құрал-жабдықтар ұсынысқа ие болуы тиіс. Осы мақсатқа жету үшін жаңа ұранға сәйкес ғылымды дамытып, одан әрі инновацияны келтіру үшін жаңа технологияларды кіргізу керек. Ол үшін ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жалғастыруымыз керек, біз соны қайта жаңғыртуды ұсындық», – деді Ө. Ержанов.
Спикердің сөзінше, бұл дамудың негізгі факторына айналады. Өйткені технологияны жаңғыртпасақ, инвестор келмейді, өзіміз де дами алмаймыз, өндірілген өнімнің сыртқа шығуы түгілі, ішкі нарықта да өтуі қиын болады. Сондықтан бұл басты міндет болуға тиіс, деді ол.
Келесі мәселе – сала үшін әрі ұзақ уақытқа, әрі арзан қаржы көздерін табу.
«Барлық қаржы орталықта, оны әркімнің қол жетіп алуға шамасы жоқ. Осы қаржының қолжетімділігі мәселесін шешу үшін Қазақстан даму банкі төрт өңірде филиал ашуға ниетті», – деді машина жасаушылар одағының өкілі.
Сонымен қатар спикер машина жасау кәсіпорындары үшін офтейк шарттарының тиімділігі туралы айтты. Машина жасау кәсіпорындары осы шарт аясында 3-5 жылға тапсырыс алса, өзінің жоспарын жасап, өзіне жаңа құрал-жабдықтар алады, жаңа жұмыс орындарын ашуға ұмтылады және жұмыс істеп жүрген жастарды шетелге жіберіп, оқытып, өзінің технологиясын дамыта алады, деп түйіндеді спикер.