Бүгін, 11 мамыр күні қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті.

Комиссия отырысының күн тәртібіне қалалық мәслихаттың үшінші сессиясында қаралатын мәселелер алдын-ала талқылауға шығарылып, қаралды.

Талқылау отырысы барысында «2023-2025 жылдарға арналған кент және ауылдық округтердің бюджеттері туралы» Қызылорда қалалық мәслихатының 2022 жылғы 28 желтоқсандағы шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы» және «2022 жылға арналған қалалық, кент және ауылдық округтердің бюджеттерінің атқарылуы туралы есептерді бекіту туралы» мәселелері бойынша қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Г.Баймаханова, «Мүгедектер қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарды өндіріп алу тәртібі мен мөлшерін айқындау туралы» 2021 жылғы 29 желтоқсандағы № 107-16/10 шешіміне өзгеріс енгізу туралы» мәселесі бойынша қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы К.Құрақбаева, «Қызылорда қаласы бойынша коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормаларын бекіту туралы» мәселесі бойынша қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ж. Файзуллаев хабарлама жасап, депутаттардың сауалдарына жауаптар берді.

Биыл Қызылорда қаласында тұрғын үй құрылысын дамытуға, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жақсартуға Ұлттық қордан, республикалық және облыстық бюджеттерден барлығы 53 млрд. теңге бөлініп, ірі жобалар жүзеге асуда.
​Аймақ басшысының бастамасымен облыс орталығында бір мезетте қатарынан үш бірдей ғимараттың іргетасы қаланды. Олар 1,6 млрд. теңгені құрайтын «Неке сарайы», 3,7 млрд. теңге болатын 1000 орындық «Көпфункционалды кешені» және 2,8 млрд. теңгені құрайтын «Облыстық қан орталығының» құрылыстары. Бұл ғимараттар қаламыздың сәулеттік келбетіне көрік қосып, ынтымағы жарасқан тұрғындарымызға ерекше тарту болмақ.

​Сонымен қатар, белгілі кәсіпкер Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен құны 1,5 млрд. теңгені құрайтын «Анаға тағзым» орталығының құрылысы қарқын алды.

​Инфрақұрылымдық әлеуетті дамытуда Болат Өтемұратовтың қолдауымен құны 31 млн АҚШ доллары болатын «Қорқыт ата» әуежайы жаңа терминалының құрылысы  басталды.

​«Қазгермұнай» Ұлттық компаниясы басшылығы заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайының» жобасын қолға алды. Одан бөлек, шаһарымызда 200 төсектік жаңа перинаталдық орталықтың құрылысы басталады.​Қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жылу электр орталығының да іргетасы қаланды. «Акса энерджи» түрік компаниясымен бірлескен жұмыстар 2025 жылы аяқталып, жаңа нысан ел игілігіне беріледі. Бұл арқылы қала аумағы сапалы жылу және электр энергиясымен толық қамтылатын боламыз.

​Бүгінде қалада бірнеше көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыстары жүруде. Ауқымды жобаларға республикалық және облыстық бюджеттерден 27 млрд 510 млн теңге бөлінді. Осы нысандардың құрылысы аяқталысымен, баспана кезегіндегі тұрғындарға пәтер кілттері табысталады. Ескеретін жайт, құрылыстағы биылғы ерекшелік Сол жағалаудан 7 қабатты 6 үй бой көтеруде.  ​

Бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы бар, 300 төсектік көпбейінді аурухана салуға республикалық және облыстық бюджеттерден 3 млрд. 272,4 млн. теңге бөлінді.

​«Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында заманауи үлгідегі 8 мектеп салу жоспарлануда. Оның бесеуінің құрылысы биылғы жылы басталады. Сол жағалаудан 400 орындық және 300 орындық жатақханасымен физика-математикалық мектеп-интернатының құрылысы жүргізіледі.

​12 көппәтерлі тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізу үшін 773,8 млн. теңге бөлінді. Құрылыс-монтаж жұмыстары жуық арада басталады.

​Бюджеттің барлық түрлері мен мемлекеттік бағдарламалар арқылы жалпы құны 12 млрд. теңгеге қала мен оған қарасты кент және ауылдық округтердегі 238 көше жөнделеді.​Жалпы биылғы жылы басымдық қаланың шет аймақтарындағы көшелерге берілді.

​Биылғы жылы жылу желілерін қайта жаңғыртуға 8 жоба әзірленді. Оған республикалық бюджеттен 8,2 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде Сұлтан Бейбарыс көшесінің бойындағы жылу құбырларын жер астымен жүргізуге  5,2 млрд теңгесі қаралды. Жұмыстар жақын күндері басталады.

​Қала аумағындағы 17 көпқабатты тұрғын үй аулаларын күрделі жөндеу үшін облыстық бюджеттен 300,0 млн. теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.

Тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысына қалалық мәслихаттың бюджет және экономикалық даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Е.Нұртазаев және коммуналдық-шаруашылық және қала инфрақұрылымы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Д.Абизов төрағалық етті.

Комиссия отырысына қала әкімінің орынбасары Ғ. Еркебай, қалалық дербес бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты.

БӨЛІСУ