Бүгін көпбейінді облыстық аурухананың мәжіліс залында облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен Қызылорда облысы бойынша мейіргер ісі мамандарының Ассоциациясының ұйымдастыруымен «12-Мамыр – Халықаралық мейіргерлер күніне» орай, «Қызылорда облысы бойынша мейіргер қызметінің өзекті мәселелері» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.

Конференцияға облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының емдеу, алдын алу жұмыстары жөніндегі орынбасары Шаймбетов Жангелді Мырзагелдіұлы, Қызылорда облысы бойынша мейіргерлер ісі мамандарының координаторы Искакова Ғалия Досмаилқызы және аймақтағы барлық емдеу мекемелерінің мейіргерлері қатысты.
«Мейіргер – мейірімі мен төзімділігі, өз ісіне жауаптылығы арқылы емделушінің дертінен айығуына үлкен септігін тигізетін жан. Облыста мейіргерлердің біліктілігін арттырып, олардың сапалы қызмет етуіне барлық жағдай жасалған. Елімізде оқу процесіне қолданбалы бакалавр, академиялық бакалавр біліктіліктері енгізіліп, мейіргерлік зерттеу жүргізіп, магистрлік, PhD-докторлық диссертация қорғауға мүмкіндік берілген. Бұл білім саласындағы жаңа бағыт – мейіргер ісінің өз алдына дамуына даңғыл жол ашып берді.
«Мейіргер ісінде білім, ғылым және практиканың үштығырлығы» жобасын іске асыру жөніндегі Жол қартасы аясында ұйымдастырылған конференцияда қалалық №6 емханасының бас мейіргері Тұрсын Сариева «Амбулаториялық жағдайдағы тәуелсіз мейіргер тәжірибесі» тақырыбында, облыстық перинаталдық орталығының акушері, облыстың штаттан тыс бас акушері Гүлзат Жұмабекова «Акушерлік қызметтегі мәселелер мен шешу жолдары» туралы баяндама жасаса, көпбейінді облыстық аурухананың бас мейіргері Жеңіскүл Нұрабаева «Мейіргерлік тәжірибеде бағалау шкалаларын қолдану» жөнінде айтып өтті. Ал аталған аурухананың пациент қауіпсіздігінің стандарттарының сақталуына жауапты аға мейіргерлер тобы «Мейіргерлік практикадағы медициналық қауіпсіздік пен сапаны қадағалу» тақырыбында өз тәжірибелерін ортаға салды.
Сондай-ақ, кардиологиялық жансақтау бөлімінің аға мейіргері Айткүл Сақтағанова «Ауруханадағы мейіргерлік қызметтегі индикатор көрсеткіштеріне қол жеткізу» тәжірибесі туралы, ішкі аудит бөлімінің мейіргері Диана Байтуман «Мейіргерлік құжаттамаға сараптама жүргізу және жұмыс сапасын бағалау» тақырыбында тарқатты.
Жиын соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды.

БӨЛІСУ