IXX Дүниежүзілік білім беру форумы аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ұлыбританияда «Болашақ» бағдарламасымен оқитын қазақстандықтармен кездесті. Іс-шараға 30-дан астам стипендия иегері қатысты.

Министр студенттерге ғылым және жоғары білім саласындағы өзгерістер туралы айтып, оларды жүзеге асыруға белсенді қатысуға шақырды.

💬«Біздің жас ғалымдарымыз отанымызға оралып, қазақстандық ғылымның сапасын көтеруге атсалысады деген үміттемін. Сіздерді қазірден бастап ассистент ретінде жоғары оқу орындарының ғылыми-технологиялық жобаларына қатысуға, ғылыми-зерттеу топтарына қосылуға шақырамын», – деп атап өтті министр.

Саясат Нұрбек тыңдаушылардың назарын Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Қ. Тоқаевтың техникалық бағыттағы мамандардың сапасы мен санын арттыру жөніндегі тапсырмасына аударды. Министрдің айтуынша, шетелдік жетекші техникалық жоғары оқу орындарында оқыған жас инженер кадрлар жаңа өндірістік алаңдардағы кадрлық жетіспеушілікті бірінші болып толтыруы тиіс.

Өз кезегінде студенттер кездесуге қызығушылық танытып, елдің ғылымы мен жоғары білімін дамыту бойынша өз көзқарастарын ұсынды. Министр барлық ұсыныстарды мұқият тыңдап, оларды назарға алатынын жеткізді.

Сонымен қатар, білім беру форумы аясында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ұлыбритания Парламенті ғимаратында Баронесса Эмма Никольсонмен және жетекші британдық жоғары оқу орындарының басшыларымен кездесті.

Министр британдық жоғары оқу орындарының басшыларына Қазақстанда университет филиалдарын ашудың мүмкіндіктері мен артықшылықтары туралы айтып берді. Сонымен қатар елде өңірлік білім беру хабын құрудың перспективасын ұсынды. Саясат Нұрбек бүгінгі таңда білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз ету және қазақстандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше бақылауында екенін атап өтті.

Жетекші британдық жоғары оқу орындарының өкілдері қазіргі уақытта Қазақстанның ғылым және жоғары білім беру жүйесінде жүзеге асырылып жатқан өзгерістер мен жаңашылдықтарға жоғары қызығушылық танытып, Ұлыбритания мен Қазақстанның оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің маңызын атап өтті.

Сондай-ақ, іссапар аясында Саясат Нұрбек Times Higher Education беделді журналының өкілдерімен кездесті. Онда тараптар жоғары білім беру саласындағы жаһандық трендтер мен жаңа сын-қатерлерге қатысты пікір алмасты.

БӨЛІСУ