Бүгін Арал ауданында 9 мамыр – Жеңіс күніне арналған салтанатты шара өтті. Жеңістің 78 жылыдығына арналған мереке алдымен бабаларды бір минут үнсіздікпен еске алумен басталды. Мұнан соң майдан даласында опат болған жауынгерлер мен ел қорғаған батырлардың рухына арналып құран бағышталды.

Салтанатты шарада аудан әкімі Серік Сермағамбетов сөз алып, аудан тұрғындарын мерекемен құттықтады.
«Сын сәттерде Отан үшін отқа кеудесін тосқан батыр ұл-қыздардың ерлік істерін ешкім де, ешқашан да ұмытпауға тиіс. Осынау қастерлі күні өз өмірлерін құрбандыққа шалып, шейіт болған бабалар алдында бас иеміз. Біз ержүрек аға буынның алдында мәңгі қарыздармыз. Олардың қайсарлығы мен төзімділігінің, табандылығы мен отансүйгішті арқасында жарқын болашағымызға жол ашылды.
Көкте желбіреген көк байрағымыз ешқашан құламасын. Бейбітшілік пен ынтымақтастықты ту еткен Тәуелсіз мемлекетіміздің ертеңі еңселі болсын. Елімізде әрдайым тыныштық орнасын!»- деп ізгі лебізін білдірді.
Шара соңы кескілескен ұрыс даласында отанын қорғап, ел-мен жер үшін жанын пида еткен, көзсіз батырлық пен қайсарлық көрсеткен батыр бабалар мен боздақтар ескерткішіне гүл қою рәсімімен жалғасты.

9 мамыр – Ұлы Жеңіс мерекесі күні аудан әкімі Серік Сермағамбетов Арал қаласындағы бірнеше тыл ардагерлерінің шаңырағына ат басын бұрып, Ұлы Жеңістің 78 жылдығымен құттықтады.
Аудан басшысы алдымен Ермекбай Борашұлының отбасында болып тылда аянбай тер төккен ақсақалға құрмет көрсетті. Онан соң жастығын еңбекпен өткерген Үртай Рсалықызы мен Таразы Есбергенқызын Жеңіс күнімен құттықтап, ілтипат көрсетті.
Аудан әкімі тыл ардагерлерінің Жеңісті жақындатуға қосқан өлшеусіз үлесі өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге боларына тоқталып, оларға әрдайым көрсетілер құрмет пен алғысының шексіз екендігін тілге тиек етті.
Ардагерлеріміз өз кезегінде ризашылықтарын білдіріп, ел-жұрттың амандығын тілеп, ақ баталарын берді.

БӨЛІСУ