Бүгін қазалылықтар 9 мамыр – Жеңіс күні мен Ұлы Жеңістің 78 жылдығын кең көлемде атап өтті.

Әйтеке би кентінің Жеңіс саябағында өткен мерекелік шара басталмас бұрын аудан әкімі Мұхтар Оразбаев пен ғасыр жасаған соғыс ардагері Қабақ Смағұл бастаған ел ағалары мен аудан тұрғындары соғыста қаза болғандарға арнап “Тағзым” алаңына салтанатты түрде гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен еске алды.

Мұнан соң көпшілік “Жеңісті жарқыратқандар” атты концерттік бағдарламаны тамашалады.

Салтанатты жиында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Қазалы жұртшылығын Жеңіс мерекесімен құттықтады.

– Бұл күн – тарихта туған жердің бостандығы мен келешек ұрпақтың бақытты болашағы жолында ерлікпен күресудің жарқын белгісі ретінде алтын әріптермен жазулы.
Ортақ Отанды қорғау үшін біздің ауданымыздан 11 мыңға жуық азамат майданға аттанып, 6 мыңнан астамы ғана аман-есен отбасына оралды.
Бүгінгі ұрпақ аталарымыз жасаған ерлікті әрқашан қастерлеп жадында сақтайды, ешқашан ұмытпайды. Ұлы Жеңiс күнiнде баршаңызға ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға бақ-береке тiлеймiн, – деді аудан басшысы өз сөзінде.

Мерекелік шарада қалың көпшілік өнерпаздардың соғыс жылдарындағы түрлі қойылымын тамашалап, әндерін тыңдады.

Мұнан соң аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Ұлы Отан соғысының ардагері Тілеуберген Тобабергеновке арнайы барып, 9 мамыр – Жеңіс күнімен және Ұлы Жеңістің 78 жылдығымен құттықтады.

– Сіз секілді ел үшін жанын қиған майдангерлер болмағанда, бүгінгі Тәуелсіз Отанымыз болмас еді. Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосқан Сізге кейінгі ұрпақ атынан мың мәрте алғыс айтамын.
Сіздер сияқты жеңімпаздардың ұрпағы екенімізді әрдайым мақтан етеміз. Сіздер көтеріп, желбіреткен намыс пен қайраттың туы, Жеңістің биік рухы жаңа ұрпақты тек өрге жетелегей, – деді аудан басшысы.
Мұнан соң Мұхтар Әуесұлы майдангерге облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен ҚР Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың құттықтауын жеткізіп, “Қазалы ауданының құрметті азаматы” атағын табыстады.

Құрметке бөленген соғыс ардагері өңір басшыларына алғысын білдіріп, батасын берді.

БӨЛІСУ