Бекарыстан би ауылындағы Ұлы Отан соғысының ардагері Қабақ Смағұлдың 100 жасқа толуына орай өтіп жатқан мерейлі мерейтой “Қыдыр” нұрасында жалғасты. Қазақтың ұлттық ойыны аударыспақтан басталған білектілердің додасы ат бәйгесіне ұласты.
Ең әуелі білегі мен белі мықты жігіттер ат үстінде күш сынасты. Нәтижесінде Ғ.Мұратбаев ауылынан келген Алмат Көбейсін басқалардан мықты болып, жеңімпаз атанды. Ал екінші орын Құмжиек ауылының батыры Ақтілек Манасовқа бұйырса, үшінші орынды Жалаңтөс батыр ауылынан қатысқан Ақниет Бөлеков еншіледі. Жүлделі орыннан көрінген жігіттер қаржылай сыйлыққа ие болып, жоғары деңгейде ұйымдастырылған ауқымды шараға ризашылығын білдірді.
Мұнан соң дүйім жұрт бас қосқан дүбірлі дода басталды. Кіл жүйріктер жиналған ат бәйгесі ғасыр жасаған Қабақ Смағұлдың батасымен басталып, аудан әкімі Мұхтар Оразбаев шабандоздарға сәттілік тіледі.
Республикалық деңгейде ұйымдастырылған бәйгеге Жамбыл, Түркістан облыстары, Жаңақорған, Шиелі, Жалағаш және Арал аудандарынан 50-ден аса шабандоз келді. Ауыздықпен алысқандардың аламанына тігілген жүлденің жалпы қоры – 3 600 000 мың теңгені құрады.
Аламан десе арқасы қозатын жұрт ең әуелі тай бәйгесінің жабы шабысына куә болды. Мұнда мәрені бірінші кескен Жалпақ ауылының “Айторысы” жеңімпаз атанды. Екінші орынды Бекарыстан би ауылының “Тұмар” жылқысы жеңіп алса, үшінші орынды Ү. Түктібаев ауылынан келген “Батыр” жүйрігі иеленді.
Осы бәйгенің арғымақтар арасындағы сайысында бірінші орын Жалағаш ауданы, Бұқарбай батыр ауылынан келген “Ақжол” арғымаққа бұйырды.
Ал екінші орынды Тараз қаласы, Меркі ауданының “Құпиясы” иемденді. Сондай-ақ, үштіктен Ү.Түктібаев ауылының “Жебесі” көрінді.
Аламан бәйгені асыға күткен жұртшылық құнан бәйгенің шабандоздарына тәнті болды. Өйткені, төрешілердің пәрмені берілгеннен үш бірдей шабандоз қатар шапты. Соңғы айналымда жеңімпазын анықтаған доданың бірінші орынын Жаңақорған ауданының “Мустангы”, екінші орынды Бекарыстан би ауылың “Асыл мұрасы”, үшінші орынды аралдық “Әлем” еншіледі.
Көп ұзамай көпшілік сыйақысы 1 миллион теңге болған аламанның куәгері болды. Сегіз айналымнан тұрған бәйгеде Ақсуат ауылының “Абыройы” үмітті ақтады. Сол секілді Шиелі ауданынан келген “Шамшырақ” екінші орынды алып, үздік үштікті Тараз қаласының “Абсент” жүйрігі қорытындылады.
7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және Ұлы Отан соғысының 78 жылдығы қарсаңында 100 жасқа толған Қабақ Смағұлдың мерейтойында өткен ат бәйгесінің жеңімпаздарын аудан әкімі Мұхтар Оразбаев құттықтап, арнайы тігілген қаржылай сыйлықты табыс етті.
©️Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі