«Отырар» және «Айтбек» сауда үйлерінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді
«Отырар» және «Айтбек» сауда үйлеріндегі кәсіпкерлерге салық заңнамасы бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Облыстық мемлекеттік кірістер департаментімен бірлесіп ұйымдастырылған шарада салық заңналарына енгізілген өзгерістер мен қолдануға тиімді мобильді қосымшалар туралы түсіндірмелер берілді.
Шара барысында кәсіпкерлерге бөлшек салық режимін қолданудың мүмкіншіліктері мен тиімділігі, пайыздық мөлшері, жылдық табысы 2 млрд теңгеге дейін болған жағдайда қосылған құн салығы төлеушісінен тіркелуден босатылуы туралы және салық төлеушілерге арналған «E-Salyq Business», «E-Salyq Azamat» мобилді қосымшаларының тиімділігі түсіндіріліп, жадынамалар таратылды.
Қосымшаны әзірлеудегі негізгі мақсат – Мемлекет басшысының жеке кәсіпкерлердің салық міндеттемелерін орындау рәсімдерін түбегейлі жеңілдету туралы тапсырмасын орындау. Ол 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ел аумағында қолданысқа енгізілді. Бұл тегін қосымшаны App Store, Play Market және App Gallery-ден жүктеуге болады. Бүгінгі таңда қосымшаны 27 мыңнан астам кәсіпкер пайдалануда.
E-Salyq Business мобильді қосымшасы бірқатар салық рәсімдерін жеңілдетті.
Мобильді қосымшаның функционалы: жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге;
кассалық чектің орнына мобильді қосымшаның чегін беруге;
қосымшада берілген чектер негізінде кәсіпкердің кіріс есебін жүргізуге;
салықтар мен әлеуметтік төлемдерді автоматты түрде есептеуге;
жалдамалы қызметкерлердің және олардың табыстарының есебін жүргізуге;
оңайлатылған декларацияны тапсыруға (910.00 нысан);
кәсіпкерлік қызметті оңайлатылған тәртіпте тоқтатуға мүмкіндік береді.
Одан бөлек, E-Salyq Business-те ыңғайлы сервистер әзірленуде. Олардың көмегімен:
салық органдарының жіберген хабарламасын алуға;
бір төлем құжатымен бірнеше салықты төлеуге;
артық не қате төленген салықтарды алдағы салықтар есебіне жатқызуға немесе қайтарып алуға болады.
Сондай-ақ бірқатар анықтаманы да алу мүмкіндігі бар. Мысалы, жеке кәсіпкер ретінде тіркелу туралы, оның және оның жұмысшыларының табысы туралы анықтамаларды ала аласыз. Бұлардың барлығы талап етілген жерге ұсынуға арналған. Осылайша, мобильді қосымшада жеке кәсіпкердің салық міндеттемесін орындаудың барлық өмірлік циклі қарастырылған.
Осы бағыттағы шаралардың өткізілуі салық төлеушілердің салық мәдениетін жоғарылатуға септігін тигізері анық. Жол картасы жобасының аясындағы іс-шаралар аладағы уақытта да жалғасын табады.