Бүгін облыстық білім, қоғамдық даму басқармалары және облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментімен бірлесе аймақтық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны өткізілді.

Жиынға облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ә.Ізімбетов, қоғамдық даму басқармасының басшысы А.Есмаханов қатысып, сайысқа қатысушы жас сарбаздарға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, жиынның салтанатты ашылу рәсімінде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Дүйсенбаев, ҚР Қарулы Күштері ардагерлері қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы М.Ршауов қатысушыларға ақ республикалық кезеңде аймақ абыройын асқақтатуда ақ жол тіледі.

Жастарды әскери-патриоттық бағытта тәрбиелеу, өскелең ұрпақтың бойында Отансүйгіштік пен патриоттық қасиеттерді қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған облыстық шарада аудандық, қалалық іріктеу кезеңдерінен топ жарған 135 жас сарбаздан құралған 9 команда өзара бақ сынады.

Айта кетейік, 7 кезеңнен тұратын облыстық турнирде ең жоғары балл жинаған команда ағымдағы жылдың маусым айында Қарағанды облысы, Спасск қаласында өтетін республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиына қатысатын болады.

Жиын соңында қатысушыларға «ҚР Қорғаныс министрлігінің №66597 әскери бөлім» РММ қызметінде қолданылатын қару-жарақтарының таныстырылымы өтті.

БӨЛІСУ