Skip to content

ВЕГЕТАЦИЯЛЫҚ КЕЗЕҢДЕ АЛАҢДАУШЫЛЫҚҚА НЕГІЗ ЖОҚ

Қазақстанның ішкі су көздеріне қатысты вегетациялық кезеңде ешқандай алаңдаушылық жоқ – ҚР ЭТРМ.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Ғалидолла Азидуллин вегетациялық кезеңге дайындық барысы туралы мәлімет берді.

Вице-министр 2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша негізгі су қоймаларының толықтығы туралы деректерді келтірді. Мәселен, Шардара су қоймасының көлемі қазіргі таңда 4 млрд 994 млн текше метрді құрап отыр. Қапшағайда 17 млрд 490 млн көлемінде су жиналған, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 860 млн текше метрге артық. Ал Қырғыз Республикасы аумағындағы Киров су қоймасының жобалық көлемі 550 млн текше метр болғанымен, бүгінгі күні нақты көлемі 410 млн текше метрді құрайды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24 млн текше метрге кем.
«Барлық су қабылдағыштардың ішінде тұрақты суару шамамен 12,1 куб км құрайды. Бұл Арал, Сырдария, Шу, Талас және Балқаш, Алакөл бассейндері жалпы суармалы судың 97%-ын және бүкіл суармалы алқаптың 78%-ын құрайтынын атап өткен жөн», – деді вице-министр.

«Қазгидромет» және «Қырғызгидромет» мекемелерінің консультативті болжамы бойынша биыл су аз болады деп күтілуде. Өйткені тауларда қар қорының жинақталуы орташа жылдық мәндерден аз. Мұздықтардың нашар еруі салдарынан Қырғызстан аумағындағы су қоймаларының аз қоректенуіне байланысты вегетациялық кезеңде нағыз суға қажеттілік уақытында қиындықтар туындауы мүмкін.

Вегетациялық кезең басында Жамбыл облысының су қоймаларында су толық көлемнен 75%-дан 92%-ға дейін жиналғанын айтты спикер.
«Өткен вегетациялық кезеңнің тәжірибесін ескере отырып, сондай-ақ судың алдын ала болжамын талдап, ылғалсүйгіш дақылдарды қысқартуды, оларды ылғалсүйгіш емес дақылдармен алмастыруды, агромелиорациялық шараларды міндетті түрде өткізуді, ауыспалы егіс сақтауды және дара дақылды егісті бір суару көзі бойынша орналастыруға тыйым салуды ұсынып отырмыз», – деді Ғ. Азидуллин.

Бұл ретте ол ішкі су көздеріне қатысты ешқандай алаңдаушылық күтіліп отырмағанын еске салды. Жалпы, ағымдағы вегетациялық кезеңде Шу және Талас өзендерінің бассейндерінде су шаруашылығы жағдайы өткен жылдың деңгейінде болады деп күтілуде. Балқаш, Алакөл бассейні бойынша да су шаруашылығы жағдайы тұрақты, вегетация өткен жылдың деңгейінде болады деп болжануда. Вегетациялық кезеңнің басында Алматы және Жетісу облыстарындағы су қоймаларының толық көлемінің 80%-ынан 97%-ына дейін су жинау мүмкіндігі болған.

Қалған өңірлер бойынша су шаруашылығы жағдайы тұрақты, жағдай күнделікті бақылауда, деп түйіндеді спикер.

Су шығынын азайту бойынша қандай жұмыстың атқарылып жатқаны туралы журналистің сауалына жауап бере отырып вице-министр қазіргі таңда жаңа Су шаруашылығын басқару тұжырымдамасы әзірленіп жатқанын айтты. Оған сәйкес көптеген каналдар реконструкцияланады. Оған қарамастан, осы уақытқа дейін әсіресе, оңтүстік өңірлерде ирригациялық жүйелерді жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
«Аталған барлық проблемалар тұжырымдамаға сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асады», – деді Ғ. Азидуллин.

Соңғы үш жыл ішінде елімізде 3500 шақырым каналға реконструкция жасалып, нәтижесінде 250 млн текше метр су шығыны қысқарған. Ал биыл 2129 шақырымға тазалау жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Мұның барлығы су шығынын қысқартуға септігін тигізетінін айтты спикер.

Сонымен қоса ол көршілес елдермен трансшекаралық суларға қатысты мәселелердің қалай шешіліп жатқаны туралы баяндады. Сырдария өзені бойынша Тоқтағұл су қоймасынан жіберілетін су көлемі бүгінгі таңда келісілген.

«Тәжікстанмен Бахри-Точик су қоймасынан жіберілетін су көлемі бойынша үшжақты кездесу өткізіп, бұл мәселені шешу жоспарлануда. Қырғызстанмен Шу-Талас өзендері бойынша жіберілетін судың көлеміне қатысты біздің ұсынысымыз енгізіліп, алдын ала бекітілді деп есептеуге болады», – деді вице-министр.

БӨЛІСУ

Designed using Hoot Business. Powered by WordPress.