2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 2022 жылы 26 жоба мемлекеттік грантқа мақұлданды.

Солардың бірі ретінде Сырдария ауданынан макарон өнімдерін шығаратын жаңа цех ашылды. Жаңа макарон цехының жос­парланған қуаты – күніне 40 келі ма­карон. Әзірге макаронның 10 түрі даярлануда.

Кәсіпорын басшысының айтуынша, цехқа автоматтандырылған өндіріс желісі сатып алынған. Мұнда ұнды ыдысқа құю, қамыр илеу, одан макаронды дайындау, формаға салып кесу, ыдысқа қаптауға дейінге әрекеттің барлығы автоматты түрде жасалады.

– Цех макарон өнімдерін дайындау үшін қазақстандық ұнды пайдаланады. Цехтың толықтай автоматтандырылуы, әрі қазақстандық шикізатты пайдаланатындығы – нарықтағы макарон өнімдері бағасының төмендеуіне септігін тигізеді, – деді цех басшысы Ғалымжан Танатаров.

Кәсіпкерлікті дамыту – ел экономикасын дамытудың бірден-бір кепілі. Бүгінде осы бағытты ұстанған мемлекет шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасап, қолдау көрсетуде. Мемлекет тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталып жатқан бағдармалар да аз емес.

Жыл басынан бері мемлекеттік бағдарламалар шең¬берінде 111 жобаға 1,9 млрд теңге несие, 504 жобаға 608,6 млн теңгенің гранттары берілген. Атап айтқанда, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» («Бизнестің жол картасы – 2025») шеңберінде құны 726,6 млн теңге болатын 58 жоба несиелендірілді, 1 жобаға 5 млн теңгенің гранты табысталған. «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы шеңберінде құны 94,3 млн теңге болатын 16 жоба, «Атамекен» микроқаржы ұйымы арқылы жалпы құны 59,3 млн теңге болатын 15 жоба, аграрлық несие корпорациясының «Іскер» бағдарламасының шеңберінде 13 жоба 60,1 млн теңгеге несиелендірілсе, «Агробизнес» бағдарламасы шеңберінде 978,2 млн теңгеге 9 жоба қаржыландырылған. «Ұлттық жоба» бағдарламасы шеңберінде әлеуметтік әлсіз топтар санатына кіретін жұмыссыз 503 азаматтың бизнес бастамаларына 603,6 млн теңгенің гранты берілген.

БӨЛІСУ