Бірінші наурызда мерзімді әскери қызметке көктемгі шақыру басталды. 1 шілдеге дейін Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қатарын әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатуға негіздері жоқ, 18 бен 27 жас аралығындағы 18 мыңнан астам ер азамат толықтырады.
Жергілікті атқарушы органдарының 195 әскерге шақыру пункттерінде қалалық және аудандық әскерге шақыру комиссиялары өз жұмысын бастайды, оған әкімдердің орынбасарлары басшылық етеді. Әскерге шақырылуға тиісті ер азаматтарды хабардар ету дербес шақырту қағазын жолдау арқылы жүзеге асырылады. Шақырту қағазы олардың тұрғылықты мекенжайына немесе жұмыс орындарына жеткізіледі. Бұл ретте осы процесті автоматтандыру мақсатында 2021 жылдан бастап әскерге шақырылушыларды SMS-хабарлама жолдау арқылы да хабардар ету жүргізілуде.

Жалпы Қарулы Күштерге 7 мыңнан астам, Ұлттық ұланға 6 мыңнан астам, ҰҚК Шекара қызметіне 3 мыңнан астам, ТЖ министрлігіне 300-ден астам, Мемлекеттік күзет қызметіне 80-нен астам адам шақырылуға жатады.

Қызылорда қаласында 18-27 жас аралығындағы азаматтарды көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары жалғасуда.

Осы бағытта бүгін Қызылорда қаласы әкімдігі жанынан құрылған жедел топпен түнгі аралау жұмыстары жүргізілді.

Аралау барысында жастарға әскери есепке тұрмай, борышын өтеуден жалтарып жүру салдары Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 387-ші бабына сәйкес жауапкершілікке алып келетіндігі жөнінде түсіндірілді.

Көктемгі әскерге шақыру науқанында Қызылорда қаласынан 200-ге жуық жасты әскерге жіберу жоспарланған. Қазіргі таңда оның 100-ге жуығы әскерге жөнелтілді.

Бұл бағыттағы жұмыстар маусым айының аяғына дейін жалғасатын болады.

Әскер қатарына шақырушылар Қызылорда қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасына (Қызылорда қаласы, Қазантаев көшесі 19 үй мекен-жайы бойынша №107 кабинет) 26-42-50 телефоны арқылы хабарласуы қажет.

БӨЛІСУ