Бүгін аудан әкімі Нұржан Ахатов ауданымыздағы іргелі білім ордасы Ғафур Мұхамеджанов атындағы №270-ші орта мектебіне арнайы барып, мектеп ұжымына оқушыларды тасымалдауға арналған жаңа автобустың кілтін табыстады.

Салтанатты шараға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил, әйелдер кеңесінің төрағасы Нәйла Палымбет арнайы барып, аудан басшысымен бірге мектеп ұжымы мен оқушылардың қуанышына ортақтасты.

Алғашқы болып сөз алған аудан әкімі “Мемлекет басшы өз сөзінде “Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуы керек” деп арнайы тапсырма берген болатын. Соған сәйкес, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен облыс бойынша 19, оның ішінде Шиелі ауданындағы 3 мектепке су жаңа автобустардың кілті табысталды. Бүгін міне біз №270 Ғафур Мұхамеджанов атындағы мектепке автобус кілтін табыстап отырмыз. Мұнан өзге, Тартоғай, Бәйгеқұм елді мекендеріндегі мектептерге де жаңа автобустар берілуде. Бұл біздің аудан үшін үлкен қуаныш. Қуаныштарыңыз тағы да құтты болсын! Темір тұлпарларыңыз осы мектепке ұзақ жылдар бойы қызмет етіп, астарыңызда тозсын!”, – деді аудан әкімі.

Мұнан соң, автобустың ішкі жабдықтары таныстырылып, техникалық мүмкіндіктері көрсетілді.

Айта кетейік, автобус бір мезетте 20 баланы тасымалдауға арналған, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балалардың мініп-түсуіне де барлық мүмкіндіктер қарастырылған.

Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі

БӨЛІСУ