Алматы, Астана және Шымкент орналастыру орындарында қызмет көрсетілген туристер санымен көш бастап тұр. 2022 жылы Қазақстанда орналастыру орындарының қызметтерін пайдаланған туристердің жалпы саны 7,3 млн адамға жетті. Бұл санның 45% – дан астамы үш мегаполиске тиесілі. Сонымен қатар, тек ішкі туристердің жалпы саны 8,6 млн адамды құрады.

Мәселен, Алматыда бұл көрсеткіш 1,8 млн адамға (417,4 мың — шетелдік туристер), Астанада — 1,2 млн-ға жуық адамға (238,5 мың шетелдік) жетті, ал Шымкентке 450 мыңға жуық демалушы (36,5 мың шетелдік) келген.

Ішкі және сырттан кірген туристер ең аз аялдаған өңірлердің қатарында Ұлытау облысы бар. Мұнда 25 мыңнан астам адам тоқтаған. Бұдан кейін Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстары тұр. Аталған екі өңірдегі орналастыру қызметтерін 100 мың адам пайдаланған.

Айта кетейік, 2029 жылға дейін Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстандағы ішкі туристер санын 11 млн адамға, ал сырттан келетін туристер санын 4 млн адамға дейін жеткізуге ниетті. Ол үшін жақында қабылданған туристік саланы дамыту тұжырымдамасында нақты іс-шаралар көзделген.
Мемлекеттік электрондық тізілімнің деректеріне сәйкес қазіргі уақытта туроператорлық қызметпен айналысуға 380 лицензия берілген. Егер оларды жіктейтін болсақ, онда шығу туризмі саласында 34 лицензия, ішкі, кіру және шығу туризмі саласында – 34, ал ішкі, кіру туризмі саласында – 312 лицензия белсенді.

Бұған дейін мемлекеттік тізілімде қағаз және электрондық форматтағы лицензиясы бар 1240 туроператор болған. Олардың көпшілігі жұмысын тоқтатқан, бірақ тізілімде қалған. Қазіргі заңнамаға сәйкес келмейтін құжаттарды лицензиаттардың өздері немесе жергілікті атқарушы органдар тоқтатты.

«Мемлекеттік тізілімді жаңарту бағытында үлкен жұмыс атқарылды, туроператорлардың өздері де қызметін қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүргізіп келеді. Біз үшін қызмет көрсету сапасы мәселесі басты назарда. Барлық лицензиаттар үшін заң аясында жұмыс істеу маңызды», – деді ҚР МСМ Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков.

БӨЛІСУ