Бүгін аудан әкімі Асқарбек Темірбекұлы Есжанов 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесін халықпен бірге тойлады.

Мереке қарсаңында аудандағы этнос өкілдерінің киімдерді мен тағамдары сән берген бір шаңырақ астында арнайы дастархан жайылып, аудан басшысы Асқарбек Темірбекұлы бауырластардың тартуын тамашалады. Тәжік ұлтының өкілі Чулаев Искандар қазақ еліне күйеу бала екенін, қазақпен құда болып, бүгінде 22 немересі бар екенін жеткізіп, Жалағаш жұртшылығына алғыс білдірсе, Қаракеткен ауылының тұрғыны әзірбайжан ұлтының өкілі Нурейева Зейнеп аудан басшысына рахметін айтып, “Бәрінен де Жалағашым сұлу” деп ән шырқады.
Бірлігі бекем аудан жұртшылығына арналған мерекелек концерт бүгінгі күннің сәнін ашқандай болды.

Жалағаш кентінің орталығына жиналған аудан тұрғындарын Асқарбек Темірбекұлы мерекемен құттықтады.

– Киелі Жалағаш мекенінде сан түрлі ұлттар бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай бірлікпен ғұмыр кешуде. Бұл дегеніміз ұлты басқа болғанымен жүрегі бір, тілі басқа болғанымен тілегі бір, Қазақ жеріндегі жүздеген ұлттардың елді бірлікке, жарқын болашаққа шақыратынын білдіреді. Кез-келген ата-ана үшін бала-қасиетті, бала-құнды. Сол себепті баланың көзінде жас, көңілінде мұң болмас үшін әрбір ата-ана маңдай терін сарп етіп қызмет етеді. Дәл сол секілді ел бақытты болу үшін бірлікті ту етіп, ынтымақты, тату өмір сүруіміз қажет. Бірлігі бекем елдің түтіні түзу ұшады. Нағыз достықтың, бауырмалдықтың нышаны болған 1-мамыр құтты болсын!-деді, аудан әкімі.

Бүгінгі мерекеде Жалағаштың аспанын жақсылық жайнап, бірлік күнін бірлікпен тойлады.

БӨЛІСУ