Бүгін, 27 сәуір күні, Астана қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясы өтті. Жиынға Парламент депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, діни бірлестіктердің басшылары, ҚХА мүшелері, республикалық және облыстық этномәдени бірлестіктердің төрағалары, үкіметтік емес ұйымдардың, дипломаттық корпустың, ғылыми, шығармашылық зиялы қауымының, қазақстандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Жиын барысында сессияға қатысушылар “Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму” тақырыбында өз ойларын ортаға салды. Сессияда сөз сөйлеген Президент өз сөзінде «Ассамблеяның саяси партиялармен және мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынасын күшейту керек. Бұл жұмысты орталықта және аймақтарда жүргізген жөн. Біз ауқымды саяси реформалардың нәтижесінде шынайы пікір алуандығына қол жеткіздік. Әрине, әр саясаткердің өз пікірі болуы орынды. Елімізді дамыту, күнделікті мәселелерді шешу туралы көзқарастар үнемі бірдей бола бермейді. Бұл – түсінікті. Алайда ел бірлігін сақтауға келгенде біз жұдырықтай жұмыла білуіміз керек. Этносаралық келісім саясатында сөз бен іс бір жерден шығуға тиіс. Ассамблея саяси партиялармен ақылдасып, кеңесіп отыруы қажет. Сонда бірлігімізді нығайтамыз. Этносаралық қатынасқа қатысты кез келген арандатудың жолын кесеміз»-деп атап өтті. Бүгінгі танда елімізде саяси реформаларды тереңдете жүргізу, ұлттық сананы жаңғырту, Ассамблея алдындағы міндеттерді іске асыруға бағытталған ауқымды жұмыстар қарқынды жүргізіліп отыр. Бүгінгі көптеген ұлт өкілдері ынтымақта өмір сүретін Қазақстандағы татулық пен келісімнің болуы да, ең алдымен, қазақ халқының ұлылығын танытса керек. Қазақтың қонақжайлылығы мен дархан мінезіне өзге ұлттар үнемі өз алғыстарын айтып, өздерінің жоғары бағасын беріп келеді. Осы орайда еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың, береке-бірліктің ошағына айналуына Қазақстан халқы Ассамблеясының ерекше қызметін айта кетуге болады. Тәуелсіздік жылдарындағы қол жеткен табыстарымыздың бастысы – елімізді мекендеген этнос өкілдерінің арасындағы достық, бірлік, өзара сенімділік арқылы қоғамымыздың тұрақтылығы мен мен бірлігінің сақталуы болды. Сондықтан Қазақстанның саяси-әлеуметтік дамуында бірлік ұғымы ең басты құндылық болып табылады.

Д.К. Омаров
Қызылорда облыстық ҚХА жанындағы
Ғылыми-сарапшылық тобының мүшесі, Философия докторы(PhD)

БӨЛІСУ