Жаңақорған ауданындағы М.Көкенов атындағы мәдениет үйінде өткен кездесуге Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Машбекұлы, ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы қатысса, Қызылорда қаласы мен барлық аудандардың әкiмдерi және білім беру ұйымдарының басшылары онлайн форматта қатысты. Ал, Шиелі ауданынан аудан әкімі Нұржан Ахатов, құқық қорғау органдарының басшылары, аудандық мәслихат депутаттары, ардагер ұстаздар онлайн байланыс арқылы қатысты.
Мәжілісте білім саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және тәуекелдерін болдырмау туралы екі мәселе қаралды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Асылхан Ашиков, Оқу-ағарту министрлігі білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов бейнебайланыс арқылы хабарлама жасады.
Жиынды қорытындылаған ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев талқыланған мәселелер бойынша өз пікірін білдіріп, Сыр өңірінде атқарылған жұмыстарға оң баға бердi. “Министрлік білім алушылардың білім сапасы бойынша мониторинг жүргізген болатын. Мониторинг қорытындысымен Қызылорда облысы республикада бірінші орынға шықты”, — деп атап өтті министр.