Қызылорда облыстық сотында аймақтық оқу орталығының ұйымдастыруымен «Азаматтық құқық және процесс» секциясы бойынша семинар сабағы өтті.
Облыстық соттың судьясы Н.Қосановтың төрағалағымен өткен семинарға Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының, Қызылорда қаласы мен аудандық соттардың төрағалары мен судьялары қатысты.
Семинарда алғаш болып Қызылорда қалалық сотының судьясы М.Әбілханованың «Азаматтық істерді сот талқылауына дайындау» туралы баяндамасы тыңдалды. Баяндамашы істі сот талқылауына дайындау маңызды процестердің бірі екенін, ол тараптар ұсынған дәлелдемелер мен қолданылуға жататын материалдық құқық нормаларына сәйкес тараптардың заңды құқықтары мен міндеттерін, олар ұсынған дәлелдемелерді сот отырысында толық, жан-жақты және объективті түрде зерттеп, заңды және негізді сот актісін шығару үшін қажетті жағдайлар тудыратынына тоқталып өтті. Сонымен қатар тараптардың дауды бітіммен аяқтау, істі соттылығы бойынша жолдау секілді бірқатар мәселелер осы кезеңде шешілетінін айтты.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе «Сотты құрметтемегені үшін жауаптылық шараларын қолдану» туралы Қызылорда қалалық сотының судьясы М.Ақынбек баяндама жасады. Ол өз сөзінде сотқа құрметтемеушілік білдіргені үшін жауаптылық шаралары АПК-нің 9-тарауымен регламенттелгенін, аталған кодекстің 120-бабының бірінші бөлігінің мазмұны бойынша сотқа құрметтемеушілік білдіру фактісі тікелей сот отырысында анықталған кезде процесті жүргізуші судьяға құқық бұзушыны жауапқа тарту мәселесін шешуге уәкілеттік берілгенін атап өтті. Сондай-ақ М.Ақынбек талдауға сәйкес 2022 жылы Қызылорда соттарында ондай факт орын алмағанын көрсетті.
Келесі болып МАЭС судьясы Н.Еламанов «Сот ісін жүргізу тілі қағидатын қолданудың кейбір мәселелері» туралы ҚР Жоғарғы сотының 2016 жылғы 22 желтоқсандағы нормативтік қаулысы аясында баяндама жасады. Баяндамашы АПК-нің 14-бабының талаптарына сәйкес сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою (арыз) берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленетінін, сот істі сот талқылауына дайындау сатысында талап қоюшының (арыз берушінің) талап не арыз берілген тілді жеткілікті дәрежеде білетіндігін, сот ісін жүргізудің мәні мен мағынасын түсінетіндігін анықтауға тиіс екенін, сонымен қатар сот талап қоюшыдан (арыз берушіден) тиісті жазбаша өтінішхат түскен жағдайда сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы уәжді ұйғарым шығаратынын айтып өтті. Баяндамада Н.Еламанов азаматтық істер бойынша сот талқылауына дайындық аяқталғанға дейінгі құжаттарды сот аударатынын, ал одан кейін құжаттар мен өзге де материалдарды сот ісінен өзге тілде ұсынған тараптар олардың аудармасын өз бетінше қамтамасыз ететінін ескергені жөн екендігін айтты.
Семинар соңында қатысушылар аталған тақырыптар аясындағы өз тәжірибелерімен бөлісті.
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі