Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясы: Ел бірлігі — мемлекеттігіміздің басты тірегі.

Жылда бірлік мерекесі қарсаңында Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясын өткізу дәстүрге айналған. Бұл жолы да еліміздің мыңдаған этнос өкілі бейбітшілік пен келісім сарайында бас қосып, ел дамуы үшін маңызды ұсыныстар талқыланды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде бірліктің табысты мемлекет құруда алар орны зор екенін тағы да еске салды. Және ұлтаралық келісім ел тәуелсіздігі мен тұтастығы секілді мызғымас құндылықтармен қатар тұруы тиіс деді:

— Біз «бірлік пен тұрақтылық болмаса, саяси-экономикалық реформалар жүзеге аспайды» дейміз. Әрине, бұл – дұрыс пайым. Бірақ бірлік дегеніміз мақсатымызға апаратын жол ғана емес. Бұл — мемлекеттілігіміздің ең басты тірегінің бірі. Мен бұған дейін де айттым: еліміздің тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы бәрінен қымбат. Ел бірлігі осы мызғымас құндылықтармен қатар тұруға тиіс.

Сонымен қатар ол татулық пен келісім тек саясатта емес, қоғамда, үйде, ұжымда, жалпы, барлық жерде дәріптелуі қажет. Бұл жалаң ұран емес, әр азаматтың күнделікті ұстанымы мен күнделікті дәстүріне айналу керек екенін айтты.

Бейбітшілікті бұзу және кез-келген арандатудың жолын кесу туралы да сөз болды. Әсіресе геосаяси жағдайда ғаламтор кеңістігінде фейк ақпараттарды ажырата біліп, ұлттық алауыздықты болдырмау басты бағыттарының біріне айналып отыр.

Мемлекеттік тіл мәселесі де күн тәртібінен түспеді. Өзің қазақстандықпын деп санайтын әрбір азамат қазақ тілін білу міндетті. Мемлекеттік тілде сөйлеп, жаза алатын адам өзінің азаматтық жауапкершілігін көрсетеді. Қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту үшін тілге деген сұранысты арттырып, оны білім-ғылым жаңалықтары мен жетістіктеріне жол ашатын құралға айналдыруымыз қажет.

«Ынтымақтың түбі — игілік, тірлік түбі — бірлік» демекші, сессия әрбір қатысушыға мақсат-міндеттерді айқындап, жаңа жоспар құруға сеп болды. Ортақ Отанымыз — Қазақстанның табысты келешегі үшін еңбек ету жолында ынтымақтастықта жұмыс жасауға тиіспіз.

ЕЛЕНА РЫБИНА

ЖУРНАЛИСТ

БӨЛІСУ