Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа жолдауында жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіп, оларға арналған жеңілдетілген шағын несие берілетінін атап өткен болатын. Соған сәйкес, жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау білдіріп, бітіруші түлектер үшін мемлекеттік бағдарламалар, соның ішінде жұмысқа орналасу жолдарын түсіндіру мақсатында өңір жастарымен кездесу өтті.

«Жастар Рухы» ЖҚ Қызылорда облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Достық үйі» ғимаратында өткен кездесуде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалы және «Жасыл ел» еңбек жасағы облыстық штабының сала мамандары жобалар жөнінде кеңес берді.

Қазіргі кезде мемлекетіміз жастарға барлық мүмкіндіктерді жасауда. 35 жасқа дейінгі азаматтар өз мүмкіндігін пайдаланып жастарға арналған 2,5% шағын несие бағдарламасы аясында 5 миллион теңгеге дейін қаражат ала алады. Бағдарламасы шеңберінде құжаттарды қабылдау, бизнес-жобаны бағалау жұмыстары жүргізіледі. Жобалар дәлелді, әлеуметтік маңызы бар және оның нақты іс-қимыл жоспары болуы керек, – деді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының маманы Е.Демесинов.

Қалалық жұмыспен қамту орталығы «Жастар практикасы» бөлімінің маманы Ә.Жақсылық ЖОО және ТжКБ оқу ұйымдарының бітіруші түлектер үшін жұмысқа орналасу бағдарламаларымен таныстырды.

Жастар практикасын оқуды енді бітірген, мамандығы бойынша әлі тәжірибесі жоқ, 29 жасқа дейінгі жастар қатыса алады. Тек оқу бітіргеніне 3 жылдан аспаса болғаны. Негізгі мақсаты – университет пен колледж бітірген жастарды мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға көмектесу, жұмыс істеуге бейімдеу. Жұмыссыздардың жалақысын қаржыландыру еңбек шартына сәйкес 12 айдан аспайтын мерзімде жүзеге асырылады. Жұмыс беруші жұмыссызға кәсіби білімі мен жұмыс тәжірибесін беру үшін тәжірибелі қызметкерлер қатарынан тәлімгерді бекітеді. Ал қоғамдық жұмыс бағдарламасына еңбекке жарамды кез-келген адам қатыса алады, – деді ол.

Кездесу барысында қатысушылар жастар стартаптарын қолдау қоры, жастарды бизнестің негіздеріне оқыту, білімді жұмыссыз жастар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарға арналған бағдарламалар негізінде сұрақтар қойылып, ақпараттандырылды.

«Бүгінгі кездесуде сұранысқа ие кәсіп түрлері, жұмысқа орналасуға, бизнес жоспар жасауға арналған басты қағидаларымен алғышарттары бойынша ақпарат алдым. Бітіруші түлек ретінде берілген ақпараттар алдағы өмірдегі жоспарыма әсер етті деп айта аламын. Біз, жастар, бір орында шектеліп қалмай, өзімізді жан-жақтан, әртүрлі қырдан дамытуымыз керек. Бағдарламалар мен кәсіп ашуға мүмкіндік беретін жобалар біздің жарқын болашағымызға үлкен көпір десем болады. Кездесуге келген спикерлер мен ұйымдастырушыларға алғыс білдіреміз,- деді бітіруші түлек А.Махмуд.

Жастарды маусымдық жұмыспен қамту бойынша «Жасыл ел» еңбек жасағы облыстың штабының жетекшесі М.Тәкен жобаның барысын таныстырып жаз айларында жұмыс жасауға шақырды.

БӨЛІСУ