Қызылордада «Ауыл аманаты» жобасына құжат қабылдау мамыр айының үшінші онкүндігінде басталады. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша биыл Қызылорда облысына 3 млрд теңге бөлінген. Нәтижесімен 600-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Бұл туралы Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы жанындағы Агроөнеркәсіп кешені кеңесінің отырысында облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Ғалым Баймбетов айтты.

Отырысқа кеңес төрағасы, «Ақтөбе және К» ЖШС директоры Нұрлан Іздібаев, кеңес мүшелері, жауапты мемлекеттік орган және қаржы ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласында қызмет көрсететін кәсіпкерлер қатысты.

Басқарма өкілі жобаны жүзеге асыруға жауапты сенім білдірген өкілді анықтау үшін мемлекеттік сатып алу саласындағы заң талаптарына сәйкес конкурс өтіп жатқанын жеткізді.

«Конкурс жеңімпазы анықталғаннан кейін жұмысты бастап кетпекпіз. Жобамен мамыр айының жиырмасынан құжат қабылдана бастайды. Қазір Қызылорда қаласы мен аудандарға қарасты ауылдық округтерді аралап түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. «Ауыл аманатының» аясында 28 кооператив құрылып, 636 жаңа жұмыс орны ашылады, 20 дана ауыл шаруашылығы техникасы алынады деп жоспарлап отырмыз», – деді Ғалым Баймбетов.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Ғалым Баймбетов жақын күндері аудандарда осы жобаға жауапты мемлекеттік органдарды бір жерге шоғырландырып, «бір терезе» қағидасымен қызмет көрсету ұйымдастырылатынын да атап өтті.

Отырысқа қатысқан кәсіпкерлер жеңілдетілген несие алу үшін жиналатын құжаттарды азайтуды, кепілге қойылатын мүліктің бағалау құнын қайта қарауды сұрады. Айта кету керек, «Ауыл аманаты» жобасы халықтың табысын арттырып, ауыл тұрғындарын аграрлық бизнеске тартуға, азық-түлік қауіпсіздігін, сондай-ақ азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.

Жоба аясында ауыл азаматтарына кәсіп ашу үшін 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беріледі. Мерзімі мал шаруашылығы үшін 7 жыл, өзге бағыттарға 5 жыл. Берілетін ең жоғары сома 2,5 мың айлық есептік көрсеткіш немесе 8,6 млн теңге. Ал кооперацияларға 8 мың АЕК немесе 27,6 млн теңге. Бағдарлама әкімшісі облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы.

БӨЛІСУ