Бүгін аудандық мәдениет үйінде «Жанашырлыққа жан риза» атты ерекше жандардың өнер фестивалі өтті.
Аталмыш шараның мақсаты – ерекше жандарды белсенді өмірге тарту, олардың өздерін қоғамның пайдалы мүшесі ретінде сезіну көзқарасын қалыптастыру, жеке дара шығармашылық дарынын жетілдіру.
Алдымен мәдениет үйінің фойесінде ерекше жандардың әзірлеген бұйымдары қойылған көрме көпшілікке ұсынылды. Мемлекеттік грант негізінде кәсіпкерлігін дөңгелетіп отырған жандар да өз туындыларын көрсетті.

Аталған шара одан әрі концерттік бағдарламаға ұласты. Мерекелік кеште сөз алған аудан әкімінің орынбасары К. Бержанов аудандағы ерекше жандардың өмірге деген талпыныстары мен өнерге деген құштарлықтарына ризашылығын білдіріп, олардың қоғамдағы рөліне тоқталып, өнер фестиваліне қатысушыларға сәттілік тіледі.
Фестиваль барысында зағиптар қоғамының мүшелері, түрлі санаттағы мүгедектігі бар адамдар жүрекжарды шығармашылықтарын орындап, әсем ән шырқап, домбыра аспабымен өсиеттік термелерді нақышына келтіре орындады.
Мерекелік кеште өнер көрсеткен 24 қатысушыға аудан әкімінің құттықтауы мен сый-сияпаттар табысталды.

БӨЛІСУ