Әлеуметтік сала – мемлекеттің даму көрсеткішінің айнасы десек болады. Бұл ретте, әрине, Еуропа елдерінің тәжірибесі мол. Еуроодақ Әлеуметтік қамсыздандыру кодексін 1964 жылы қабылдаған. Онда әлеуметтік қамсыздандыру саласының негізігі стандарттары белгіленген. Бүгінге дейін Одаққа мүше елдердің 21-і ғана өз заңдарын кодекс стандарттарына сәйкестендірген, ал қалған мүше мемлекеттерде бұл үдеріс әлі күнге жалғасып жатыр.
Ал бізге жақын Түрікменстанның Әлеуметтік кодексі тек зейнетақы жүйесі мен халықтың аз қамтамасыз етілген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселесін реттейтін нормаларды қарастырады.
Сондықтан Қазақстанның Әлеуметтік кодексін жалпы ТМД мемлекеттері тәжірибесіне енгізілетін алғашқы біртұтас әлеуметтік құжат деп айтуға болады. Кодекс адамның бүкіл өмірлік циклін қамтиды. Атап айтқанда, туғаннан кәмелетке толғанға дейінгі әлеуметтік қолдау, еңбекке қабілетті жастағы жұмыспен қамту, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік сақтандыру іс-шаралары, өмірлік қиын жағдай туындаған кездегі әлеуметтік көмек, сондай-ақ жасы ұлғайған шақтағы қолдаулардың барлығы енді осы бір құжатпен реттеледі. Шын мәнінде, Әлеуметтік кодекс – Әділетті Қазақстанның жаңа әлеуметтік саясаты. Сондықтан оның аясында үлкен бетбұрыстар жасалады.
Ең алдымен, мемлекеттік қолдау парадигмасы түбегейлі өзгереді. Енді әлеуметтік қолдау қиын жағдайға тап болған азаматтарға төлем беруге ғана емес, оның алдын алуға бағытталады. Мысалы, құлағында ақауы бар балаларға есту аппаратын мүгедектік алғанда ғана емес, сырқаты анықталған күннен бастап беру көзделеді. Бұл өз кезегінде балаларды толық естімей қалу дәрежесіне жеткізбейтін болады.
Екіншіден, әлеуметтік саланы кеңінен цифрландыру нәтижесінде, әлеуметтік қызмет көрсетудің қазіргі өтініш беру форматынан проактивті форматқа көшеміз. Енді мемлекет тарапынан кепілдендірілген әлеуметтік қолдау түрлері азаматтарға SMS-хабарлама арқылы жеткізіліп, оларды тағайындау мен төлеу ақпараттық жүйедегі мәліметтер негізінде жүргізіледі. Яғни жұрт бұрынғыдай ұзын-сонар кезекте тұрмайды, құжат жинаймын деп он шақты мекеменің есігін тоздырмайды. Өткен жылы осындай проактивті қызметтер 1 миллионға жуық азаматқа көрсетілді.
Үшіншіден, азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру жауапкершілігі мемлекет, жұмыс беруші және азаматтардың өздеріне жүктеледі. Бұл міндеттеме жаңа әлеуметтік келісімшарт арқылы жүзеге асырылады. Бұл ретте мемлекет әлеуметтік қамсыздандырудың базалық деңгейін қамтамасыз етеді, ал әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде азаматтардың жоғалған табысын өтеу жұмыс беруші мен қызметкердің міндетті жарналары есебінен атқарылады. Мәселен, азаматтар зейнетақыны 3 көзден алатын болады. Базалық және ынтымақты зейнетақы – бюджеттен төленеді. Ал жинақтау жүйесінен алатын зейнетақыны Бірыңғай жинақтаушы қорынан жұмыс беруші төлеген жарна мен азаматтың өз жарнасы есебінен төлейді.
Төртіншіден, азаматтарды нәтижелі және формалды жұмыспен қамтуды ынталандыру үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін әлеуметтік төлемдерді ұлғайту қарастырылады. Яғни еңбек адамдарын әлеуметтік қорғау деңгейі жұмыс істемейтін азаматтарға қарағанда, едәуір жоғары болады. Мысалы, жұмыс істейтін аналар жүктілік бойынша декреттік демалысқа шыққандағы 4 айлық табысын және бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі төлемді жалақысының 40% көлемінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан алып отырады. Сондай-ақ осы аралықта оның зейнетақы қорындағы шотына мемлекет тарапынан зейнетақы жарналары аударылады.
Ал жұмыс істемейтін аналар бюджеттен тек бала бір жарым жасқа толғанға дейін берілетін жәрдемақыны алады. Оның мөлшері бала санына байланысты болады (2023 жылы 19 872 теңгеден 31 705 теңгеге дейін).
Кодекстің негізгі бес жаңалығы бар, соның біріншісі осы Отбасының цифрлық картасы.
Отбасының цифрлық картасы дегеніміз – еліміздегі отбасылардың дербес дерекқоры. Бұл дерекқор мемлекеттік органдардың қазіргі ақпараттық жүйелері негізінде қалыптастырылып жатыр. Оны енгізудегі мақсат – халықтың мемлекеттік қолдау жүйесіне тең қол жеткізуін қамтамасыз ету.
Сондықтан Кодексте біріншіден, Отбасылық цифрлық картаны мемлекеттік әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындау құралы ретінде белгіледік. Яғни мемлекет кімге, қашан, қандай көмек қажеттігін анықтап қана қоймай, әлеуметтік тәуекелдердің алдын алады.
Екіншіден – карта отбасылар немесе отбасы мүшелерінің әлеуметтік мәртебесіне және әл-ауқат дәрежесіне қарап, мемлекеттік қолдаудың қандай түрін алуға құқылы екендігін жеткізіп отыратын электронды жаршы қызметін атқарады. Мұндай ақпарат әр отбасына мемлекеттік орган тарапынан SMS-хабарлама түрінде жіберіліп отыр.
Үшіншіден, мемлекеттік қолдау проактивті форматта жүргізіледі. Ол дегеніміз – азаматтарға әлеуметтік төлем мен көмек ақпараттық жүйелердегі деректер негізінде тағайындалады деген сөз. Қолданыстағы қағаз құжаттар кезең-кезеңімен жүйеден шығарылады.