Бүгін қалалық мәслихат төрағасы И. Құттықожаев және депутаттар Бәйтерек тұрғын ауданы тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында тұрғындар өзекті мәселелермен бөлісті.

Мәселен, биылғы жылы Бәйтеректе ұзындығы 11,8 шақырым болатын 7 көшеге асфальт төселген. Тұрғындар осы жолдың сапасына қатысты, жол жиегін (обочина) стандартқа сәйкестендіру, жол бойындағы инженерлік жүйелерге орнатылған қақпақтардың ұрланып жатқандығы туралы мәселе көтерді.
Бұл мәселеге орай, қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ж.Файзуллаев қазіргі таңда аталған көшелердің сапасы арнайы сараптамада екендігін, сараптаманың оң қорытындысы шықпай көшелер қабылданбайтындығын жеткізді.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, қазіргі уақытта аталған аумаққа №22,25 қоғамдық көліктер жүруде. Тұрғындар тарапынан осы көлік бағыттарын тұрғын ауданның шеткі көшелерімен жүргізу туралы ұсыныс берілді.
Бұған қатысты, жауапты мамандар жаңадан салынған көшелер толығымен қабылданған соң, қоғамдық көліктердің сызбасы қайта қаралатындығын жеткізді.

Келесі көтерілген мәселелердің бірі – тұрғын үйлерді орталық кәріз жүйесіне қосу, ауыз су қысымын көбейту, қалып қойған жерлерді газдандыру, негізгі көшелерді жарықтандыру, қоғамдық қауіпсіздікті күшейту туралы болды. Бұл мәселелер бойынша нақты жоспарлар бар, алдағы уақытта шешімін таппақ.

Кездесу барысында аталған тұрғын аудан депутаты Ә.Әбләзімұлы канал үстінен аяқ жол көпірін салу, тұйық көшелерге жол салу, тұрғын үйлерді кәріз су желілеріне қосу және басқа да мәселелерді шешу бағытында жұмыстар атқарылып отырғандығын жеткізді.

Депутаттық аралау шарасына депутаттармен қатар, қала әкімінің орынбасары Ғ.Еркебай, қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ж.Файзуллаев, учаскелік полиция қызметкері, мердігер мекеме басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.

Депутаттық кездесу барысында көтерілген мәселелерді шешу бағытында іс-шаралар жоспары қабылданып, жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыстар атқарылатын болады.

БӨЛІСУ