Сыр елінде оқушылар мектепке жаңа автобустармен қатынайтын болады.

“Қаламызға мектеп оқушыларын тасымалдайтын жаңа автобустар келіп жатыр екен”, – деген сипаттағы біршама хабарлама-сауалдар келіп түсуде.
Осы ақпаратты растай отырып, облыс әкімінің қолдауымен аймағымыздағы ауыл мектептерінің көліктері 30 жаңа автобуспен толығатынын жеткізгім келеді. Бұл балаларды мектепке және үйлеріне қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз етуге үлкен мүмкіндік береді.
Бүгінгі күні жаңа 30 автобустың жартысы қалаға жеткізілді. Қалған автобустар алдыңғы айда толық жеткізілген соң, мектептерге пайдалануға берілетін болады.
Айта кетейін, бұл тасымалдаушы көліктер 20 және 40 орынға шақталған. Мектеп автобустарының техникалық сипаттамалары барлық талаптарға сәйкес келеді. Қауіпсіздік белдіктері, апаттық шығу жол, жылдамдық шектегіштер мен сәйкестендіру белгілері бар және автобуста бала қалған жағдайда белгі беретін жүйемен қамтылған.

Мәселен сол автобустың біреуі Шиелі ауданы Бәйгеқұм ауылындағы #251 орта мектепке беріледі екен. Ата- анамен бірдей ұстаздар қуанысуда. Теміржолдың арғы бетінен қатынап оқитын оқушылардың жағдайы алаңдарлық. Әсіресе қауіпсіздік мәселесі үнемі біздің ұшында тұрғандай уайым шектіретін. Арнайы автобус берілетініне қуанулары орынды. Кәдімгі шетелдің киноларындағыдай оқушылар өздеріне ғана тиесілі жайлы, жылы көлікпен сабаққа қатынайды.
Білімге салынған капитал ең қайтарымды капитал. Болашақтың іргесінің нық болуы білімге көзқарас пен қолдауға көп байланысты. Бұл бағытта аймақ басшысының табандылығымен біздің өңірдегі атқарылып жатқан істер өзге өңірлерге үлгі боларлық. Өткен жылы облысымызда 19 балабақша (2 мемлекеттік, 17 жеке),
6 мектеп (3 мемлекеттік, 3 жеке), Жалағаш ауданында Оқушылар үйі және Өнер мектебі пайдалануға берілді.
Дарынды балаларды қолдау мақсатында Қызылорда қаласы мен Қармақшы ауданынан 150 орындық 2 мектеп-интернаты ашылды.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста алдағы 3 жылда 15 100 орынға арналған құны 100 млрд. теңгеден асатын
21 мектептің құрылысын жүргізу межеленіп отыр.
Биылғы жылы онының құрылысы басталмақшы.
Сонымен қатар, дарынды балаларға арналған физика – математика мектеп-интернатының құрылысы Білімді қолдау қоры қаражаты есебінен жүргізілмек. Нақты ғылымды тереңдететін мектептің бой көтеруі ерекше атап өтер жайт. Аймақтағы дарынды оқушылар үшін үлкен игілік.
Оған қоса, облыс бойынша тағы 1 775 орынға арналған 4 мектеп құрылысын аяқтауды межеде. Олар-№101 Ә.Мүслімов және №2 «Абай» атындағы білім беру ұйымдарына қосымша құрылыстар, Жезқазған трассасы бойында 600 орындық жаңа мектеп және Шиелі ауданы Байсын ауылындағы 250 орындық мектеп.
Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен жүзеге асып жатқан бұл істің барлығы ел болашағының негізіне жасалған қамқорлық. Ел боламын десең бесігіңді түзе демекші, түзеу осындай нақты істерден көрінуі тиіс.

БӨЛІСУ