Арал ауданы, Жаңақұрылыс ауылынан оңтүстікке қарай 30 шақырымда орналасқан. ІХ-ХІ ғасырлармен мерзімделеді.

Бегім ана мұнарасы сол кезеңге тән сәулет өнерінің үздік туындысы. Мұнара аңыз бойынша атақты Қарабура әулиенің қызы, кіршіксіз махабат пен әділдіктің үлгісі саналған, жазықсыз жаланың құрбаны болған Бегім анаға арнап тұрғызылған. Халық зиярат жасайтын және перзент тілегендердің тілектері қабыл болатын қасиетті орын ретінде ерекшеленеді.
Мұнара шикі кірпіштен тұрғызылған, екі қатар күйдірілген кірпішпен (23х26х6) қапталған. Биіктігі 10,5 м. Жоғары қарай сәл қусырыла келген сегізқырлы призма пішінді, төбесі пирамида болып біткен. Орта деңгейге (шамамен 5,5 – 6 м) дейін мұнара бағанасы тұтас, одан жоғары бөлме бар; бұған шығыс жағындағы аркалы ойық арқылы кіруге болады. Мұнара ескерткіш үшін де, не әлдебір белгі беруге, қарауыл қарауға арналып салынуы да мүмкін деген болжам бар (Малбағар Меңдіқұловтың пікі бойынша). Қазақстанда осы тәріздес ортағасырлық мұнаралар (Ұзын там, Сараманқоса) көп кездеспейді, ал Орта Азияда мүлде жоқ. Бірақ “мұнаралы кесене” деген атаумен белгілі (XIII – XIV ғасырлардан кейін) мұндай ескерткіштер Иран, Түркия, Әзербайжанда кең тараған. Бұл жағдай осы елдерге Арал аймағынан түркі тайпаларының ығысып баруына байланысты болуы мүмкін.

БӨЛІСУ