Бүгін «Евразия» спорт кешенінде Гандболдан әйелдер арасындағы Қазақстан Республикасының VI жазғы спартакиадасының ашылу салтанаты өтті.
Салтанатты шараны облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов ашып, барша қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ ол өз сөзінде облыстағы гандбол спортының алар ерекше рөлін атап өтті.
Республикалық гандбол федерациясының вице президенті, облыстық маслихат депутаты, дзюдодан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ҚР еңбек сіңірген спорт қайраткері Садық Мұстафа құттықтау сөз сөйлеп, Сыр елінің гандбол спорты ел ішінде алдыңғы қатарда екенін, тіпті ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп жүрген қаракөздеріміздің басым бөлігі жерлестеріміз екендігін үлкен мақтанышпен айтты.
Сонымен бірге, салтанатты шараға қонағымыз Республикалық спортты дамыту дирекциясының гандболдан штаттық команда басшысы Динара Омарова мен облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Мира Қазбекова қатысты.
Салтанатты жиынды «Алекс» би тобының шығармашыл жастары түрлендіріп, өз билерін құрметті қонақтар мен жиылған қауымға ұсынды.
Әрі қарай шара Қызылорда облысы мен Алматы облысы командаларының кездесуімен жалғасты.
Айта кетейік, жарысқа Астана, Шымкент қалалары мен Қызылорда, Алматы, Қарағанды облыстарынан 5 команда сынға түсуде. Жарыс 23 сәуір күні қорытыланып, жеңімпаз, жүлдегер командалар анықталмақ.