ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Оспан Еділ Сабырұлы Қызылорда облысындағы жұмыс сапары барысында Облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Зинабдинұлы Шермағанбетпен бірге М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжіне барып, білім ордасының материалдық-техникалық базасымен танысты.

Еділ Оспанұлы алдымен «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығының «Дуалды оқыту алаңы», «Білім нұры» атты педагогикалық сабақтастық галереясы мен «Құзіреттілік орталығы», «Көркем еңбек» шеберханасындағы кіріктірілген сабақтарын тамашалады. Сондай-ақ оқу орнында оқытылатын 13 мамандық 23 біліктілік негізінде жасалған көрмеде оқытушылардың авторлық және әдістемелік жұмыстары, жас ғалымдардың жаңа жобалары, жетістіктер мен цифрлық білім беру бағдарламалары қонақтар назарына ұсынылды.

Оқу орны басшысы Жақсыгүл Қоханқызы «Білім нұры» педагогикалық сабақтастық галереясы, «Заманауи педагогикалық концепция: креативті идея. Инновациялық тәжірибе, жетістіктер шыңы» және «Ерлік» залдарын таныстырып, колледждің өткені мен бүгіні, жетістіктері мен қол жеткізген табыстары және жұлдызды түлектері жайында толығырақ мағлұмат беріп өтті.

Өз кезегінде, ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанұлы әріптестеріне жұмыс барысында сәттілік тілеп, студенттердің сапалы білім алуын жіті назарға алынуын алға тартты.

БӨЛІСУ