Парламент Мәжілісінде Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қазақстан Республикасы Президентінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды платформасын іске асыру шеңберінде денсаулық сақтау саласы қызметінің 2022 жылғы нәтижелері және 2023 жылға арналған жоспарлары туралы баяндады.

Халықтың мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмекке қол жеткізу бөлігінде министр республикада 75 инсульт орталығы жұмыс істейтінін, оның 4-і 2022 жылы ашылғанын, 41-і жедел коронарлық синдромы бар науқастарға көмек көрсету үшін тері арқылы коронарлық араласу орталығы жұмыс істейтінін хабарлады. 2023 жылы Екінші деңгейдегі 8 инсульт орталығы мен 4 ТКА -орталығын ашу жоспарлануда.
Ведомство басшысы Қазақстанда медицинаның бірқатар бағыттары халықаралық деңгейде сәтті бәсекелесіп отырғанын, бүгінде халық үшін жоғары технологиялық медициналық көмектің 80 түрі бойынша қолжетімділік қамтамасыз етілгенін атап өтті.
Ана мен баланың денсаулығын сақтау бағытында өткен жылы акушерлік-гинекологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру, педиатриялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарттары бекітілді, балаларды профилактикалық тексеру пакеттері кеңейтілді, бір оқушыға медициналық қызмет көрсету үшін жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативі 19%-ға ұлғайтылды.
Өткен жылы алғаш рет есту проблемалары бар балалардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін балаларда заманауи есту аппараттарын қолдана отырып операциялар енгізілді, осындай 20 операция сәтті жүргізілді.
«Сонымен қатар, даму кемістігі бар және олардың туындау қаупі бар балаларды түзету үшін 2023 жылы 13 ерте араласу орталығын ашу жоспарлануда. Биылғы жылы 12 заманауи перинаталдық орталықтың құрылысын бастау, сондай-ақ балалар онкологиясы мен гематологиясының ұлттық орталығын құру жөніндегі жобаны іске қосу жоспарлануда», – деп қорытындылады А.Ғиният ана мен бала денсаулығын сақтау жөніндегі іс-шаралар туралы айтып.

БӨЛІСУ