eGov арқылы адам туғаннан өмірден озғанға дейін 45 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі – ЕХӘҚМ

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов министрліктің электронды мемлекеттік қызметтерді көрсетуді дамыту бойынша атқарып жатқан шаралары туралы баяндады.

Бүгінгі күні халыққа еңбек және әлеуметтік саладағы мемлекеттік қызметтердің бірнеше түрі цифрлық форматта көрсетіледі. Атап айтқанда, бұл салада адам туғаннан бастап өмірден озғанға дейін 45 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі. Соның 43-ін немесе 95%-ын тек қана электронды форматта алуға мүмкіндік бар.

«2022 жылдың қорытындысы бойынша министрлік тарапынан 13,8 млн қызмет көрсетілген, соның 11,2 млн электронды форматта көрсетілген. Қазіргі кезде халыққа қызмет көрсетудің жаңа тренді бар – бұл проактивті форматта қызмет көрсету. Бүгінде 45 мемлекеттік қызметтің 23 түрі проактивті форматқа ауысқан. Былтыр 1,1 млн азамат өздеріне керекті жәрдемақыны проактивті түрде ала алған. Ол сол қызмет алушылар ешқандай мемлекеттік органға болмаса халыққа қызмет көрсету орталығына, әкімдіктерге жүгінбестен, үйлерінде СМС-хабарламаға жауап бере отырып, өздеріне қажетті қызметті алған», – деді Е. Оспанов.

Бұл бағыттағы жұмыс әрі қарай жалғасуда. Сонымен қатар, 2023 жылы ЕХӘҚМ бірнеше қызметті проактивті форматқа ауыстыруды және олардың көлемін арттыруды жоспарлап отыр.

Вице-министр Отбасының цифрлық картасы бірегей жобасы туралы да айтты. Ол халықтың мемлекеттік қызмет алу форматын өтініштен проактивті  форматқа ауыстыруды көздейді. Яғни, әрбір азамат үшін мәртебесіне қарай мемлекеттен кепілдендірілген жәрдемақы қызметтері болатын болса, солар азаматтарға ұсынылады. Жоба аясында мемлекеттік қызметтерді көрсету процестерін автоматты түрге ауыстыру, адами факторларды жою қарастырылған.

«Екіншіден, қызмет көрсету уақытын бір күнге дейін қысқарту көзделеді. Соның аясында шешімді тек қана ақпараттық жүйелер қабылдайтын болады, адами фактор жойылады», – деді спикер.

Спикердің айтуынша, кеше ғана іске қосылған «Цифрлық нотариат» жобасы азаматтарға eGov Mobile қосымшасы арқылы онлайн режимде цифрлық сенімхат алуға мүмкіндік береді. Бұл оқиғаның е-үкіметтің іске қосылған күнімен тұспа-тұс келгені қуантады, деп атап өтті ол.

«Бүгінгі таңда электрондық үкіметте 627 қызмет пен сервис түрі бар, мемлекеттік қызметтердің 92%-ы автоматтандырылған. Сіз үйден шықпай-ақ eGov Mobile мобильді қосымшасын пайдалана аласыз, заңды күші бар төлқұжатты, жеке куәлікті және т.б., цифрлық құжаттарды алуыңызға болады. Осылайша, адам өзіне ыңғайлы форматта екі-үш рет басу арқылы қажетті сервисті ала алады», – деді вице-министр.

Мұның нәтижелері айқын. БҰҰ рейтингі бойынша Қазақстанның е-үкіметінің порталы 28-ші орында. Ал онлайн қызметтер бойынша әлемде 8-орында тұр.

Алдағы уақытта үздік жиырма елдің қатарына кіру жоспарлануда. Азаматтар үшін 100% мемлекеттік қызметтерді сапалы және жедел алуда барлық жағдайды жақсарту жоспарда бар, деп түйіндеді спикер.

Енді әр азамат ешқайда шықпай-ақ смартфон арқылы сенімхат ала алады. Бұл – үлкен бастама. Себебі, Қазақстан әлем бойынша осындай заманауи жобаны іске қосқан алғашқы мемлекеттердің қатарына еніп отыр.

«Бұл жоба әр азаматтың уақытын үнемдейді. Мысалы, жұмыстан болсын, ауруханадан болсын, шыға алмайтын әр түрлі жағдайлар болуы мүмкін. Осы кезде онлайн түрде сенімхат алуға болады, бұлл өте оңай», – деді спикер.

Б. Молдабеков 17 жылда қазақстандықтардың eGov mobile арқылы жұмыс істеуге үйренгенін айтты. Бүгінде азаматтардың бәрінде eGov mobile қосымшасы бар.

«Сол қосымшаның басты бетіндегі «Цифрлық нотариат» деген жобаны басып, биометрия арқылы тіркеуден өтіп, сенімхат ұсынылатын азаматтың ЖСН теріп, ұялы телефоныңыздың нөмірін жазуыңыз керек. Одан кейін бейнеқоңырау қосылады. Арғы бетте нотариус бейнеқоңырау арқылы сізбен сөйлесіп, керек ақпаратты алып, керек сенімхатты толтырып, сізге көрсетеді. Егер сіз «иә, бәрі дұрыс» десеңіз ғана ол оған қол қояды. Ақысын төлеп, 2-3 рет қана түймені басу арқылы сенімхат ала аласыздар», – деді Б. Молдабеков.

Оның айтуынша, «Цифрлық нотариат» жобасы кеше сағат 3-те іске қосылған. Сол уақыттан кешке дейін 30 шақты сенімхат алынған. Жарты күннің ішінде 30 сенімхаттың алынуы жобаның азаматтар үшін аса қажет екенін көрсетіп отыр.

«Мысалы, біреу шетелде болып қалады, біреулердің отбасы ауылда болса, олар сенімхат үшін баратындай бір жағдайлар болып қалады. Бұл көп уақыт алады, көп шығын кетеді. Ал енді осындай цифрлық жобалар арқылы біз халықтың уақытын үнемдейміз, тез арада осындай сенімхат беретін боламыз», – деді вице-министр.

Жаңадан іске қосылған жобаның ауқымы ұлғая бермек. Әділет министрлігінің өкілі бүгіннен бастап егер осы сенімхат беру жобасы өзінің тиімділігін көрсететін болса, онда әрі қарай нотариустың басқа да қызметтерін іске қосу жоспарланатынын жеткізді.

БӨЛІСУ