Үкіметте алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары талқыланды.

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында алдағы жылыту маусымына дайындық мәселесі қаралды. Тақырып бойынша жаңадан тағайындалған энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев, төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, сондай-ақ өңірлердің әкімдері баяндама жасады.

Отырыс Алмасадам Сәтқалиевтің энергетика министрі қызметіне тағайындалуына орай ант беруінен басталды. Одан әрі Үкімет басшысы Ә. Смайылов пен Министрлер кабинетінің мүшелері еліміздегі жылу энергетикасы саласындағы ахуал туралы оның баяндамасын тыңдады.

Мәселен, бірінші кезекте А. Сәтқалиев өңірлер бөлінісіндегі бірқатар түйткілді мәселелерді атап өтті.

«Өткен жылдың қазан айының соңында Риддер ЖЭО-да жылу желісінің температурасының айтарлықтай төмендеуімен күрделі төтенше жағдайлар басталды. Биыл қаңтар айында таспалы конвейерлер галереяларында және №6 қазандықтың басқару тақтасында өрт шықты. Осы жылғы наурызда №5 қазандықтағы кабельдердің термиялық зақымдануы және №6 қазандық аймағындағы қоршау құрылымдары ішінара бұзылған көмір шаңы пайда болды», — деді энергетика министрі.

Ол жылыту маусымының басынан бері жылу желілері жұмысының температуралық режимін сақтамаудың 133 жағдайы орын алғанын атап өтті. Сондай-ақ ол «Қаражыра» АҚ-ға жеткізілген көмір үшін шамамен 1,5 млрд теңге мөлшеріндегі берешек отынның тұрақты жеткізілуіне әсер ететінін айтты. Оның айтуынша, аталған фактілер бойынша тергеу жүргізілген, жазалау туралы хаттамалар әзірленіп, жоспардан тыс тексерулер жасалған.

Биылғы 27 қарашада Екібастұз қаласының жылу желілерінде көптеген зақымдану болды. Температура кестесі 94 рет орындалмаған. Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті әкімшілік жаза шығара отырып, «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС ЖЭО-ға қатысты технологиялық бұзушылық бойынша тергеу амалдарын және жоспардан тыс тексеру жұмыстарын жүргізді. А. Сәтқалиев халыққа келтірілген залалмен салыстырғанда қолданыстағы жазалардың өте аз екенін атап өтті.

Жылыту маусымы басталғаннан бері «Арселор Миттал Теміртау» АҚ ЖЭО бойынша бойынша температуралық кестені сақтамаудың 70 жағдайы тіркелді. Қаңтар айында №3 қазандықта күл ұстағыш қондырғы жұмысының нашарлауына байланысты газ құбыры құлады. Қазіргі уақытта №3 қазандықта газ құбырын қалпына келтіру жұмысы жалғасуда, соның салдарынан №1 қазандық жөндеуге бір апта кеш шығарылды. Теміртау қаласының тұтынушыларын жылумен сенімді қамтамасыз ету үшін №7 қазандықтың құрылысы жүргізілуде. Келесі жылыту маусымына дейін бұл қазандықты іске қосу қажет.

«Жезқазған ЖЭО «Kazakhmys Energy» ЖШС жылыту кезеңінде қолда бар алты қазандықта апаттық тоқтату бойынша 75 жағдай орын алды. Ең көп жағдай №9 қазандыққа тиесілі, алайда бұл жылы қаржыландыруға байланысты оған күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланбаған. Жезқазғанның облыс орталығы мәртебесі бар екенін ескере отырып, Министрлік «Kazakhmys Energy» ЖШС-мен осы ЖЭО-ны жаңғырту мәселесін пысықтауда», — деді Алмасадам Сәтқалиев.

Желтоқсан және қаңтар айларында «МАЭК» ЖШС-де сумен жабдықтауында қиын жағдай орын алды. Маңғыстау энергетика мәселесі өткір тұрған өңірдің бірі болғандықтан, жоспарланған жөндеу науқанының толық көлемде және белгіленген мерзімде аяқталуын қамтамасыз ету қажет.

Сонымен қатар 2012 жылдан бері Кентау ЖЭО қазандықтарына күрделі жөндеу жүргізілмеген. Биыл шамамен 5 млрд теңге сомаға 4 қазандық пен 1 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. Жылыту маусымы басталғаннан бері жылу желілерінің температуралық кестелерін сақтамаудың 403 жағдайы тіркелді. Энергия көздерінің қоймаларында көмір қоры 2,7 млн тоннаны, мазут қоры 109 мың тоннаны құрайды. Бұл ретте, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстарында және Алматы қаласында көрсетілген кәсіпорындарда отын қоры нормадан төмен.

Энергия өндіруші ұйымдардың отын үшін кредиторлық берешегінің едәуір көлемі маңызды түйткілді мәселе болып тұр. Мәселен, энергия өндіруші ұйымдардың «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ алдындағы берешегі 12 млрд 702 млн теңгені, ал «Богатырь-Көмір» мекемесінің алдындағы берешегі 6 млрд 437 млн теңгені құрайды.

Министрлік электр стансаларының техникалық аудитін аяқтады. Келесі негізгі көрсеткіштер бойынша рейтинг қалыптастырылды: тозу, негізгі жабдықтың жарамдық мерзімі, отын шығынының үлестік көрсеткіштері, персоналдың жасақталуы, пайдалы әрекет коэффициенті, технологиялық бұзушылықтар және жөндеу бағдарламаларын орындау. KPMG Үндістанның халықаралық кеңесшілері барлық электр стансаларына барды. Қазіргі уақытта қаржылық есеп жасалып, алдағы іс-қимылдар бойынша материалдар дайындалуда.

«Көрсетілген критерийлерде электр стансалары рейтинг бойынша бөлінеді. Барлық 37 ЖЭО бойынша әкімдіктермен бірлесіп алдағы жылыту маусымына дайындықтың жол карталары жасақталуда, ол Министрліктің бақылауында болады», — деп сендірді Алмасадам Сәтқалиев.

Жүйелік оператор бекіткен кестеге сәйкес электр стансаларында биыл 10 энергия блогын, 49 қазандықты және 54 турбинаны жөндеу жоспарланған. Қазіргі кезде жөндеу жұмыстары 1 энергия блокта, 2 қазандықта және 3 турбинада жүргізілуде. Қарағанды, Маңғыстау облыстарында электр стансаларының негізгі жабдықтарын жөндеу жұмыстарын бастау мерзімінің сақталмағаны тіркелді.

Электр желілері бойынша жалпы ұзындығы 25 мың км электр беру желілерін, сондай-ақ 564 жоғары вольтты қосалқы стансаны жөндеу жоспарланған. Бекітілген кестеге сәйкес электр желілерін жөндеу жұмыстары мамыр айында басталады.

Сөз соңында Энергетика министрлігінің басшысы алдағы 2023-2024 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңге сәтті дайындық үшін қажетті шараларды атап өтті, олар:

1. жөндеу жұмыстарын қажетті көлемде қаржыландыруды қамтамасыз ету;

2. жоспарланған жөндеу жұмыстарының көлемін, оның ішінде ғимараттар мен құрылыстар бойынша қысқартуға жол бермеу;

3. энергия көздерінде отынның және қосалқы бөлшектердің нормативтік қорын жасау;

4. қызметкерлермен апатқа қарсы жаттығулар өткізу қажет.

Бұдан әрі индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев атқарылған жұмыстар мен алдағы жылыту маусымындағы жоспарлар туралы баяндама жасады.

Оның айтуынша, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 113,9 млн тонна көмір өндірілген, бұл 2021 жылдың көрсеткішінен 2%-ға артық.

Алдағы 2023-2024 жылдардағы жылыту маусымына дайындық мақсатында Министрлік бюджеттік ұйымдар мен халықты көмірмен қамтамасыз ету бойынша нақты мерзімдері көрсетілген іс-шаралар жоспарын әзірлеп, жергілікті атқарушы органдарға жолдады. Алдағы жылыту маусымында коммуналдық-тұрмыстық көмір жетіспеушілігін болдырмау үшін көмір өндіруші кәсіпорындарды қоспағанда, көмірді автокөлікпен және теміржолмен әкетуді шектеуге бағытталған алдын алу шаралары жүргізілуде.

«Өткен маусымдағы тәжірибе көрсеткендей, жылыту маусымы қызған шағында әлеуметтік көмірдің сату нүктелерінен шетке кету фактілері орын алды. Мәселен, еліміздің 5 өңірінде 400 мың тоннаға жуық көмір шетке кетті. Әкімдіктер тарапынан бақылаудың жоқтығына байланысты бірқатар өңірлік операторлар әлеуметтік көмірді мақсатсыз, яғни бизнес субъектілеріне сата бастады. Төтенше жағдайлар министрлігінің Республикалық дағдарыс орталығының деректеріне сәйкес 2022-2023 жылдардағы жылыту маусымы кезінде халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету жүйесінде 185 технологиялық ақаулар орын алды. Бұл негізінен инженерлік-коммуникациялық желілердің тозуына байланысты», — деді М.Қарабаев.

Жергілікті атқарушы органдардың жедел деректеріне сәйкес 2022 жылдың қорытындысы бойынша жылумен жабдықтаудың жалпы ұзындығы шамамен 14 мың шақырымды құрады. Желілердің орташа тозуы – 54%. Бұл ретте, тозудың ең жоғары көрсеткіші Павлодар, Абай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында сақталып отыр.

Коммуналдық меншіктегі жылу желілерін жаңғырту мақсатында Министрлік қаржыландырудың үш тетігін іске асыруда:

нысаналы трансферттер,

бюджеттік кредит,

шығындарды 50% – ға дейін субсидиялау.

Жылу желілерін қаржыландыру үшін республикалық бюджеттен нысаналы трансферттер бөлу жөніндегі бюджеттік бағдарлама ашылды. Бұл ретте қаржыландыру 20 жыл мерзімге 0,01%-бен бюджеттік несиелеу механизмімен, ал жеке ұйымдар үшін субсидиялау тетігі арқылы жалғастырылады.

2023 жылға республикалық бюджеттен тозу көрсеткіші 75%-дан асатын 47 жобаны іске асыруға 69,4 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа шамамен 107 км жылу желісін қайта жаңарту жоспарлануда. Жалпы, 2029 жылға қарай жылумен жабдықтау желілерінің тозуын 43%-ға дейін төмендету міндеті тұр.

Марат Қарабаев жергiлiктi атқарушы органдар жылумен жабдықтау жобалары бойынша тиiстi өтiнiмдер мен құжаттамаларды беру жұмысын күшейту қажеттiгiн айтты. Бүгінгі таңда 2024 жылға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде 54,7 млрд теңгеге жылумен қамтудың 43 жобасы бойынша ғана өтінімдер бар.

Биылғы 15 наурызда Екібастұз қаласында жалпы сомасы шамамен 9,6 млрд теңгеге 4 жылу магистралін қайта жаңарту және Павлодар қаласында 4,4 млрд теңгеге жаңа жылу желілерін салу бойынша оң қорытынды алынды. Сондай-ақ Степногорск және Көкшетау қалаларында жылу желілерін жөндеу бойынша Ақмола облысы әкімінің қолдаухаты жолданды.

Алдағы жылыту маусымына дайындық шеңберінде облыстардың, Алматы, Астана және Шымкент қалаларының жергілікті атқарушы органдары мүдделі органдармен бірлесіп сенімді жылумен жабдықтауды қамтамасыз ету үшін:

1) жылыту маусымы аяқталғаннан кейін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың және әлеуметтік саланың барлық объектілерін алдағы 2023-2024 жылдардағы жылу беру маусымына дайындау жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеуі және бекітуі, көмір қажеттілігінің дұрыс жоспарын қалыптастыруға;

2) 2023 жылғы 1 маусымға дейінгі мерзімде жылу желілерінің жай-күйіне техникалық тексеру жүргізуі және жеке желілерді коммуналдық меншікке берудің орындылығы мәселесін қарастыруға;

3) 2023 жылдың соңына дейін 2024 жылғы құрылыс-монтаждау жұмыстарын қамтамасыз ету үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуді аяқтауға;

4) жазғы уақытта тұйықтарда және көмір шұңқырларында көмір қорларын жинауды бастауға;

5) сауда биржасының ашық жұмысын және көлемдердің біркелкі бөлінуін қамтамасыз етуге міндетті.

Қазақстан ТЖМ басшысы Юрий Ильин жылу және электр энергиясымен қамтамасыз ететін кәсіпорындарда қауіпті техникалық құрылғыларды қауіпсіз пайдалануды қадағалау қалай жүргізіліп жатқанын баяндады.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Министрлік Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды ​​және Маңғыстау облыстарында орналасқан 7 өнеркәсіптік кәсіпорынды бақылайды.

«Биылғы бірінші жартыжылдықтағы профилактикалық бақылау және қадағалау жүргізу кестесіне сәйкес «Алюминий Қазақстан» АҚ ЖЭО-1-де және «Арселор-Миттал Теміртау» АҚ БҮС ЖЭО-да тексеру жүргізіледі. Мамыр айында «Ақсу ферроқорытпа зауыты – «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалында тексеру жоспарланған. Екінші жартыжылдықта «Nova Цинк» ЖШС (Ақжал кенті), АҚ Донской ТБК-де – Хромтау қаласындағы «Қазхром» ТҰК» филиалында, «ЕМАЭС-2 Екібастұз стансасы» АҚ-да тексеру жоспарланған», — деді төтенше жағдайлар министрі.

Ол атап өткендей, соңғы кездері Риддер және Екібастұз қалаларында орын алған төтенше жағдайлар апаттар негізінен негізгі және қосалқы жабдықтарды жөндеуді және жаңғыртуды ұзақ мерзімді жоспарлаудың болмауынан, олардың уақытылы техникалық тексеруден өткізілмеуінен және оларды толық ауыстырудың орнына қыздыру беттерін ішінара ауыстырудан туындайтынын көрсетеді.

Қазандық пен қосалқы жабдықтардың тозуына байланысты мүмкіндіктерінің шектелуі, ең жоғары жүктемелерді көтеретін (қалалар мен елді мекендердің жылу энергиясына қажеттілігінің артуына байланысты) жылу энергетикасы нысандарының тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін қуаттар резервінің болмауы, энергия кәсіпорындары басшылығы тарапынан тиісті өндірістік бақылау және жөндеу жұмыстарына тартылатын мердігер ұйымдар персоналының біліктілік деңгейінің төмендігі алаңдаушылық туғызады. Сонымен қатар қазандықтар жобадан тыс отынмен жұмыс істейді, техникалық диагностикалауға, қазандықтардың элементтерін жөндеуге және ауыстыруға қаражат жеткіліксіз бөлінеді.

Жылыту кезеңдерінің тұрақты өтуі үшін әкімдіктер қауіптілік деңгейі жоғары энергетика кәсіпорындары мен жылумен жабдықтау магистральдық құбырларын ерекше бақылауға алуы, төтенше жағдайларға жедел әрекет етуі, коммуналдық желілердің жай-күйіне байланысты тұтынушыларға жылу энергиясын беруді тоқтату себептерін жою бойынша энергетика кәсіпорындарымен жұмысты жалғастыруы қажет.

Юрий Ильин әкімдіктер мен энергетика кәсіпорындары басшыларының назарын өндірістік ғимараттардың сенімділік үшін шатыр элементтері мен түтін мұржаларының жел жүктемелері әсеріне төзімділігі және және оларды жөндеу тұрғысынан тексеру жұмыстарын жүргізу қажеттілігіне аударды.

«Жылыту кезеңінде азаматтардың газ жабдықтарын пайдалану ережелерін сақтауы ерекше назар аударуды талап етеді. Азаматтық қорғау саласында салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орган ретінде біз әкімдіктер жанындағы газ және газбен қамту саласындағы тұрғын үй инспекцияларының жұмысын сараптадық. Жүргізілген талдау тұрғын үй инспекциялары газ және газбен жабдықтау саласындағы бақылау бойынша өздеріне жүктелген функцияларды тиісті деңгейде орындамайтынын көрсетті. Мәселен, Бас прокуратураның интернет-ресурсында жарияланған осы жылдың бірінші жартыжылдығына арналған профилактикалық бақылау мен қадағалау кестесінде тұрғын үй инспекцияларын тексеру жоқ. Өткен жылы да осындай жағдай орын алған. 2022 жылы тұрғын үй инспекциялары жүргізген 29 тексерудің тек біреуі ғана жоспарлы болса, қалғандары өтінім берушілердің өтініштері бойынша», — деп мәлімдеді ТЖМ басшысы.

Осыған орай, төтенше жағдайлардың туындау қаупін барынша азайту үшін барлық мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың қолданыстағы заңнамада көзделген өкілеттіктерін жүзеге асыруы қажет.

Бұдан әрі Премьер-Министр Әлихан Смайылов селекторлық байланыс режимінде Павлодар, Қостанай, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстары әкімдерінің баяндамаларын тыңдады.

Ақмола облысының басшысы Ермек Маржықпаев айтып өткендей, өңірде жылыту маусымы штаттық режимде өтіп жатыр және аяқталу сатысында тұр. Жылу көздері тұрақты жұмыс істейді.

«Степногорск қаласы бойынша ұзындығы 30 км жылу желілерінің маңызды учаскелері анықталып, қаланың коммуналдық меншігіне қабылданды. 5 млрд теңге бөлу мәселесін облыс әкімдігі Құрылыс істері комитетімен бірлесіп пысықтауда. Жеке қаражат есебінен шамамен 5 млрд теңгеге жылу электр орталықтары мен жылумен жабдықтау желілерінің жабдықтары жөнделеді», — деді ол.

Жалпы, алдағы жылыту маусымының сапалы өтуі үшін жөндеу науқанын жүргізуге облыстық бюджеттен шамамен 4 млрд теңге қарастырылған. Бөлінген қаражат шеңберінде 29 қазандық және 13 км жылу желілері жөнделеді.

Бұдан басқа, жылумен жабдықтау желілері мен жылу көзін салу және қайта жаңарту бойынша 10 жобаны іске асыруға 5 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Осы қаражатқа шамамен 21 км желі және бір қазандық салынып, қайта жаңартылады.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында облыс бюджетінен мыңға жуық жылумен жабдықтау желісіне техникалық тексеру жүргізу үшін 300 млн теңгеден астам қаражат бөлінді.

Облыс орталығының жөндеу науқанын жүргізу үшін салалық министрліктермен бірлесіп Үкімет резервінен 3,7 млрд теңге бөлу мәселесі пысықталды.

БӨЛІСУ