Театр – өмір айнасы. Бұл сөздің астарында үлкен мән-мағына жатыр. Қоғамдағы орын алып жатқан кейбір отбасындағы оқиғаларды қаншалықты көзбен көргенімізбен, оны сахнадан тамашалаған мүлдем бөлек. Бәлкім, шын өнер осынысымен де құдіретті шығар.
Дәл осындай көрерменнің көңілінен шыққан қойылымды бүгін Жанқожа батыр ауылында, Жанқожа батыр ауылдық мәдениет Үйі жанындағы Халық театрының әртістері көпшілікке ұсынды.
Арал ауданы, Қызылжар елді мекенінің тумасы, драматург Жақсыбай Мусаевтың “Ар мен Азап” трагедиясының желісімен қойылған спектакльде ащы судың құрбаны болған Айдар мен Гүлмираның тағдыры, екеуінің арасындағы ұрыс-керіс, соның салдарынан қыздары Гүлсімнің өмірі опат болғаны бейнеленеді. Мұнымен әртістер ащы судың кесірінен талай отбасы ойран болғанын жеткізеді.
Спектакльге арнайы барған аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов халықтың көңілінен шыққан туындыға ерекше алғысын білдірді.
– Жалпы, бүгінгі қойылым өзіме ерекше ұнады. Бұл қазіргі қоғамның ащы шындығы. Спектакльдің басты кейіпкерлері – Айдар мен Гүлмираның тағдыры, Гүлсімнің өмірден өтуі көрген жанның көзіне жас үйірді деуге болады. Алдағы уақытта осындай қойылымдар жиі болып тұрса дер едім, – деген Дәурен Оңғарбайұлы сөзін қорытындылай келе, қойылым авторы Жақсыбай Мусаевқа аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың “Алғыс хатын” табыстап, шапан жапты. Сондай-ақ, Жанқожа батыр ауылдық мәдениет Үйі жанындағы Халық театрының ұжымына аудан басшысының “Құттықтауын” берді.
Жалпы, Жақсыбай Қайырлаұлының бұдан бөлек «Шоқ пен шер», «Жер бесік», «Міскін» және «Жаралы гүлдер» атты туындылары бар.
Айта кетейік, көпшілікті тәнті еткен қойылымның режиссері – Бақытбек Мәкеев, суретшісі – Қаршыға Қалымбетов.
©️Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі