Бүгін Қазалы аграрлы-техникалық колледжінде аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың төрағалығымен құқық бұзушылық пен топтық төбелестің алдын алу мақсатында колледж студенттері және ата-аналармен кездесу өтті.

Жиында аудан басшысы бүгінгі балалардың бұрыс қылыққа баруына бірден бір себеп – әлеуметтік желіде көп отыруы екеніне тоқталды.

– Бала күннен ұлттың дәстүрлі құндылықтарын бойына сіңіріп, халық ауыз әдебиеті жауһарларына қанығып өскен бала ержеткенде ұлттың алдындағы жауапкершілікті сезінетін, еліне тұтқа болатын тұлғаға айналады. Бірақ, өкініштісі сол, қазіргі жастар тәрбиесі мәселесінде ұрпақ сабақтастығын әлсіретіп алдық. Оған бірден бір себеп болған – әлеуметтік желі. Сондықтан тағы да айтамын, әрбір ата-ана баларының не қарап, не көріп жүргенін үнемі бақылап отыруы қажет. Өйткені тәрбие отбасынан басталады,- деді аудан әкімі М.Әуесұлы.

Жиында сөз алған аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш тәртіп туралы ой қозғаса, аудан прокуроры Дарын Әбіш орын алған төбелеске қатысты тергеп-тексеру жұмыстары әлі де жүріп жатқанын, заңдылыққа сай қатаң шара көрілетінін айтты.

Кездесу барысында ата-аналар тарапынан түрлі мәселелер көтерілді. Бірі аудандық полиция бөлімінің қызметіне көңілі толмайтынын айтса, екіншісі білім ошақтарында бейнекамера іске қосылып, инспекторлар жұмысына қадағалу қажет екенін айтты. Аталған сұрақтарға аудан әкімі жауап беріп, назарға алынатынын жеткізді.

Айта кетейік, жиналысқа аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеуімбетов, Қазалы қаласының әкімі Рахметулла Ізтілеу, зиялы қауым өкілдері және білім бөлімі қызметкерлері қатысты.

©️Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

БӨЛІСУ