Бүгін облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен аймағымыздағы білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін және құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша бірлескен мәжіліс отырысы өткізілді.

Жиынға білім бөлімдерінің басшылары,
құқық қорғау органдарының өкілдері, облыс бойынша мектеп және колледж директорлары, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар мен психолог мамандар қатысты.

Күн тәртібінде кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар, зорлық-зомбылықтар мен оларға қарсы жасалған қылмыстар, жасөспірімдер арасындағы суицид пен ерте жүктілік және білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмыстары мен құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері қаралды.

Мәжілісте облыстық білім басқармасының басшысы М.Шермағанбет және жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы Ғ.Нағметов білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік пен құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша хабарлама жасаса, денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары М.Мирзанова кәмелетке толмағандар арасындағы суицид пен ерте жүктілік мәселесіне тоқталды. Ал қалалық білім бөлімінің басшысы Е.Боданов күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша баяндама жасады.

Облыс әкімі орынбасары Нұрымбет Аманұлы білім беру ұйымдарына әкелуге тыйым салынған және пайдалануы шектелген заттар туралы министрліктің №235 бұйрығының орындалуын қатаң сақтау қажеттігін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, жуырда қала орталығындағы №217 ІТ мектеп-лицейінде орын алған оқиғаға байланысты қалалық білім бөлімінің және аталмыш мектеп басшысы мен жауапты қызметкерлердің тәртіптік жауапкершіліктерін қарауды тапсырды.

Білім беру ұйымдарында тәрбие жұмыстарын жандандырып, нақты іс-шара жоспарын бекіту қажет. Сондай-ақ, бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды күшейтіп, кемшіліктерге жол берген білім беру ұйымдарының басшыларына, жауапты қызметкерлерге қатаң шара көрілетіндігін ескертемін, – деді облыс әкімінің орынбасары.

©Қызылорда облысы білім басқармасының баспасөз қызметі

БӨЛІСУ