Биыл шегірткеге қарсы күреске 3,8 млрд теңге бөлінді.
Биыл үйірлі шегіртке зиянкестерімен күресуге республикалық бюджеттен 3,8 млрд теңге бөлінді.
Мамандардың болжамы бойынша шегіртке 1,6 млн га аумаққа таралуы мүмкін. Бүгінгі таңда 385,3 мың га алаңда пестицидтердің қажетті қоры қалыптастырылды.
Әкімдіктермен бірлесіп өңірлерде жедел штабтар құрылып, мониторинг және химиялық өңдеу жөніндегі жұмыс жоспары бекітілді.
Аумақтарды өңдеуге мамандандырылған техника, оның ішінде жер үсті және әуе көлігі жұмылдырылатын болады.
Бүгінгі таңда Түркістан облысында мароккалық шегіртке дернәсілдерінің пайда болғаны анықталды. Аймаққа пестицидтер толығымен жеткізілді. 8-9 сәуірде өңдеу іс-шараларын бастау жоспарланып отыр.
Басқа аймақтарда жерді химиялық өңдеу жұмыстары шегірткелердің таралу ошақтары анықталған кезде басталады. Көршілес мемлекеттермен шекаралас аумақтарда бірлескен зерттеулер жүргізілетін болады. Бұл туралы Қазақстанның АШМ-ның мамандары Ресей, Қытай және Өзбекстан мемлекеттеріндегі әріптестерімен алдын ала келісті.
Қазақстанда ауыл шаруашылығының басты жауы саналатын жәндік – шегірткенің 230-ға жуық түрі мекендейді. Бұл туралы ауыл шаруашығы министрлігінің ресми сайында жарияланды. Ауыл шаруашылығы министрілігінің баспасөз қызметінің хабарлауына қарағанда, республикамыздың климаты мен ауа райы тек шаруашылыққа ғана емес, осындай жәндіктердің де өсіп-өнуіне, таралуына қолайлы.
Жалпы, Қазақстанда ауыл шаруашылығы дақылдарына зиян келтіретін жәндіктермен күрес жүйелі түрде жүргізіліп отырады. Бұған арнайы үкіметтен қаржы бөлініп, табанды күрес жүретінін ескеру керек. Әсіресе, аса қауіпті саналатын зиянды организмдер тізбесіне енгізілген итальяндық прус, азиялық және мароккалық шегірткелердің көбейіп кетпеуін жіті бақылауда ұстап отыруға тура келеді. Оның үстіне бұл екі аса қауіпті түр Қазақстанның барлық өңірінде дерлік таралған. Өйткені, тез бейімделгіш бұл шегірткелер әрі тез таралғыш болып саналады.
«Шегірткелер зиянкестерінің бұл түрлері көршілес елдерде де таралған: Ресей Федерациясы мен Қытай Халық Республикасында – итальяндық прус және азиялық шегірткелер, Қырғызстан, Түрікменстан және Өзбекстанда – итальяндық прус және мароккалық шегірткелер. Қазақстан Республикасының географиялық жағдайын ескере отырып, шегірткелердің Қазақстаннан көрші мемлекеттердің аумағына да, іргелес елдерден республика аумағына да қоныс аудару қаупі бар», – делінген ведомство сайтында.