VІІІ шақырылымның алғашқы сессиясына қатысқан аудан әкімінің міндетін атқарушы Сәрменбаев Берік сайланған депутаттарға алдағы ел дамуындағы қызметтеріне сәттілік тіледі.

«Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен еліміз үшін аса маңызды саяси реформалар жүзеге асуда.
Кешегі өткен саяси науқанда сайлау жүйесіндегі ерекшеліктерге сәйкес көппартиялықты дамыту және еліміздің қоғамдық-саяси өміріне азаматтардың қатысу аясын кеңейтуге басымдық берілді.
Күні кеше Мемлекет Басшысы сегізінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясында елді дамытуға бағытталған сегіз басымдықты айқындап берді.
Біздің де алдымызда Өздеріңізбен бірлескен нақты міндеттер бар.
Баршаңызды Сырдария аудандық мәслихаты сегізінші шақырылымының алғашқы сессиясының ашылуымен құттықтаймын!
Мандатқа ие болып, депутат атанған азаматтардың қызметіне табыс тілеймін!» – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Бұл шақырылымдағы аудандық мәслихаттың құрамы барлық саланың өкілдерімен толықты. Депутаттардың өзара шешімімен мәслихат төрағасы болып Әжікенов Ержан Ертарғынұлы сайланды.

Сайлау қорытындылары бойынша ауданда екі партия өкілдері мәслихаттарда мандат иеленді.

Аудандық мәслихат депутатығына 12 мандат берілсе, оның 11 мандатын «AMANAT» партиясы, 1 мандатын «Ауыл» партиясы иеленді.

Сегізінші шақырылымдағы аудандық мәслихаттың құрамы білім мен ғылым, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік, азаматтық қоғам, мәдениет және спорт саласының өкілдерінен қалыптасты.

БӨЛІСУ