Қызылорда облысында өңірдің өңдеу өнеркәсібін дамытуға серпін беретін ірі өндірістік жоба жүзеге асты. «Абзал и К» серіктестігінің толық автоматтандырылған күріш өңдеу зауыты іске қосылып, кәсіпорынның өндірістік қуаты 2,5 есеге артты. Заманауи зауыттың құрылысы мен технологиялық жабдықтарына 1 млрд теңге инвестиция салынған. Кәсіпорын сағатына 12 тонна күріш өңдеуге қауқарлы. Жаңа өндірістің басты ерекшелігі – технологиялық процестің толық цифрландырылып, барлық кезеңнің автоматтандырылған жүйе арқылы басқарылуы. Өнім сапасы онлайн режимде бақыланады. Соның нәтижесінде өндірістік қалдық көлемі 3-4 пайызға дейін азайтылған. Сонымен қатар кәсіпорында күн электр станциясы іске қосылып, экологиялық тұрғыдан тиімді «жасыл» технология енгізілді. «Абзал и К» серіктестігі Сырдария ауданында 3 мың гектарға жуық күріш егіп, өндірілген өнімді өз кәсіпорнында өңдейді. Ақталған күріш пен дайын өнім түрлері ішкі және сыртқы нарыққа шығарылады. Бүгінде компания өнімінің 50 пайызы ішкі нарыққа бағытталса, қалған бөлігі ТМД елдерімен қатар Моңғолия мен Иракқа экспортталады. Бұл өндірісті тереңдетуге, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және экспорттық әлеуетті күшейтуге мүмкіндік береді. Жалпы биыл Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы дақылдары 193,7 мың гектарға егілді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, күріш алқабы өткен жылмен салыстырғанда 10,9 мың гектарға қысқарып, 70,1 мың гектарды құрады. Қазіргі таңда күріш алқаптарының 2,9 мың гектары гүлдену, 14,3 мың гектары сүтті пісу, 52,8 мың гектары балауыз пісу кезеңіне жетті. Егістіктің 65,2 мың гектарының немесе 93 пайызының суы байланған. Аймақта күріш жинау жұмыстары да қарқын алды. Қызылорда облысы республикадағы күріш өндірісінің негізгі орталығы саналады. Елімізде өндірілетін күріштің шамамен 90 пайызы Сыр өңірінің еншісінде. Оның 35-40 пайызы экспортқа бағытталады. Жаңа автоматтандырылған зауыттың іске қосылуы өңірдегі күріш өндірісін жаңғыртып қана қоймай, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу көлемін арттыруға, экспорт географиясын кеңейтуге және Сыр елінің агроөнеркәсіптік әлеуетін одан әрі күшейтуге жол ашады.

БӨЛІСУ